Облыс әкімдігінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті

Облыс әкімдігінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті
Ақтөбе облысының әкімдігінде өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті. Өңірлік комиссяның тоғыз жұмыс тобының құрамына қырық ғалым, сарапшы, мұражай мен мұрағат қызметкерлері, қоғамдық қайраткерлер кірді.
Жыл басынан бері олар саяси қуғын-сүргін сұрақтары бойынша мұрағат құжаттарын кең ауқымда зерттеп, Ырғыз, Байғанин, Темір және Ойыл аудандарына ғылыми экспедиция жасады.
Нәтижесінде, репрессияға ұшыраған азаматтарды өңір аумағында жаппай көмген орындардың карталарының жобасы әзірленді. “Ақтөбе өңіріндегі кеңестік қуғын-сүргін зобалаңы” атты көптомды кітаптың бірінші бөлімі шығырылды, онда облыстық комиссия мүшелерінің бірінші жұмыс жылының қорытындылаған ғылыми мақалалары жиналған.
Жалпы жыл басынан бері облыстық комиссия мұрағатта сақталған 6​ 333 істі зерттеді. Оның ішінде діни қызметкерлерді қудалау және діни мекемелерді күштеп жабу, мүлкін тәркілеу деректері анықталып, тергелуде.
Отырыс соңында облыс әкімі жұмыс топтарының қызметін жетілдіруге, ғалымдар мен зерттеушілердің жұмыстарына қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.
- Сіздер үлкен жұмыс атқардыңыздар, нәтижесі де бар. Тек жергілікті мұрағаттарды ғана емес, біздің облыстың аумағындағы саяси қуғын-сүргін туралы мәліметтер бар шетелдік мұрағаттар қорын да зерттеу қажет деп есептеймін. Сол үшін жергілікті атқарушы hәм құзырлы органдарға тиісті қолайлы жағдай жасауды тапсырамын»,- деді Оңдасын Оразалин.
Белсенді әрі жемісті зерттеу жұмыстарын жүргізген өңірлік комиссияның бірқатар мүшесі облыс әкімінің алғыс хаттарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі