Облыс әкімі Ақтөбе қаласын аралады

Облыс әкімі Ақтөбе қаласын аралады
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин 5 тамыз, бейсенбі күні Ақтөбе қаласын жұмыс бабымен аралап шықты.
Өңір басшысы Қарғалы тұрғын үй алабында салынып жатқан тоғыз қабаттың тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты. Үй келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Жаңа қоныс иелері - жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған 265 отбасы болмақ. Әлеуметтік баспана жалдамалы құқығымен беріледі. Құрылыс жұмыстары кесте бойынша жүріп жатыр.
Қаланы жұмыс барысымен аралаған өңір басшысы Тұрғындар қалашығы ауданындағы тұрғын үйлердің қасбеттерінің жаңартылу жұмыстарын қарап шықты. «Табыс Ақтөбе» ЖШС мердігер мекемесі бүгінде барлығы Тұрғындар қалашығы ауданы мен Шернияз көшесінде 50 үйдің қасбетін бояп бітірген, әлі 31 үйді жаңарту керек. Бояу түсі мен материалды үйдің тұрғындары өздері таңдайды.
Ә.Молдағұлова даңғылы бойындағы Теміржол басқармасының ғимараты алдындағы гүл бағын қалпына келтіру жұмыстары белсенді жалғасуда. 12 мың шаршы метр жерді арамшөптен тазарту жұмыстары осы жылы қыркүйек-қазан айларында аяқталады. Қазіргі таңда көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде, жаяужолдар салу, отырғыштар, қоқыс сауыттарын орнату және т.б. жоспарлануда. Қаланы аралап шыққан облыс басшысы облыс орталығын әрі қарай дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі