Ақтөбе облысында сармат дәуірінің қорымы табылды

Ақтөбе облысында сармат дәуірінің қорымы табылды
2 тамыз, дүйсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин тарих ғылымдарының докторы, Шығыс елдері сәулеті халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Серік Әжіғалимен,
тарих ғылымдарының кандидаты, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры міндетін атқарушы Талғат Мамыровпен кездесті.
Кездесу барысында Ақтөбе облысында "Қазақстанның киелі жерлері" жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан ғылыми-зерттеу жобалар талқыланды. Ғалымдар облыс әкіміне Мұғалжар ауданы аумағындағы Жағабұлақ қорымынан бір ай шамасында табылған бірегей олжа -
тастан жасалған құрбан шалынатын орын мен алтынмен қапталған көрнекті семсерді көрсетті.
Айта кетейік, қорымның өзі бұрынғы темір дәуіріне, яғни б.д.д. VI-V ғасырларға жататын ірі кешен болып табылады. Мұнда сондай-ақ, қола айналар, алтын тоға және т.б. ежелгі заттар табылды. Археологиялық ескерткішті зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда.
Сонымен бірге, Қарғалы ауданында қола дәуірінің қоныс-мекендері табылды. Сол аумақтан метал пеш табылған. Бұл қазіргі Ақтөбе облысының аумағын қола дәуірінде мекендеген тайпалардың метал өндірісімен айналысқанын дәлелдейді.
Бұдан өзге, жуырда өңірде Едіге батыр мен Исатай Тайманұлының жерленген орнын іздеу жұмыстары басталды. Құрамына архитекторлар, этнографтар, археологтар мен арабистер кірген этнографиялық экспедицияны атақты ғалым, профессор Серік Әжіғали басқарды.
Кездесуді түйіндеген облыс әкімі Оңдасын Оразалин жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, жергілікті атқарушы органдардың өңірдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге, сақтауға және дәріптеуге жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратындарын айтты.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі