5 маусым, сенбі күні Ақтөбе облысының әкімі жұмыс бабымен Мұғалжар ауданында болды. Өңір басшысы Елек, Жұрын, Қаракөл ауылдарын газдандыру жұмыстарымен, сонымен қатар Ембі қаласының дамуымен танысты.
Ембіде Оңдасын Оразалин бірнеше жыл бойы иесіз қалып, бос тұрған екі бесқабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстарын қарауға ерекше назар аударды. Күрделі жөндеуден кейін тұрғын үй жергілікті атқарушы органның кезегінде тұрған 100-ден астам адамға беріледі. Үйлердің бірі биыл тамызда, екіншісі қараша айында аяқталады.
Бұдан өзге, өңір басшысы Ембі қаласындағы биотазарту ғимараттарының реконструкциясымен танысты. Тазартудың ағынды жүйесін қалпына келтірумен "Әлихан Ойл 3" ЖШС мердігер компаниясы айналысуда. Осы жылдың қыркүйек айында жұмысты толық аяқтап, нысанды пайдалануға беру жоспарланған.
Бұдан өзге, облыс әкімі Ж.Тілепбергенов көшесі бойының 2,1 шақырым көлік жолын күрделі жөндеу жұмыстарының барысын қарап шықты. Айта кетейік, Ембі қаласын дамытуға бағытталған жоғарыда айтылған жобалар 'Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, Ембіде ангар типіндегі спорт кешенінің, 320 орындық мектептің, спорт нысанының құрылысы, Желтоқсан, Ш.Уәлиханов және Мөңке би көшелерінде көлік жолын жөндеу, көшені жарықтандыруды модернизациялау жұмыстары жүзеге асырылатын болады.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі