Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапары барысында Шалқар көлінің түбін тазартуға ерекше назар аударды. Жұмыс биыл басталған. Жобаны жүзеге асыру жергілікті жердің экологиялық жағдайына оң әсерін тигізеді. Белгілі болғандай, соңғы жылдары су қоймасы тартылып, лайланып кеткен.
Облыс әкімі аудан мен «TOLAGAI - 2050» ЖШС мердігер ұйымының басшыларына:
"Жобаның өңір үшін экологиялық ахуалды жақсартып, табиғи балансты тепе-теңдікті сақтауда маңызды рекреациялық және шаруашылық маңызы бар. Көп жылдар бойы күткен жобаның жемісін аудан халқы көруі тиіс. Барынша сапалы әрі уақытында жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қолданыңыздар",- деп тапсырды.
Көл түбін тазарту жұмыстары көл суының сапасын көтеріп, гидрохимиялық құрамын жақсартуға, Шалқар қаласының халқын шаруашылық-тұрмыстық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.
Сондай-ақ, сапар аясында Оңдасын Оразалин «Шалқар-Бозой» автокөлік жолының "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмысы барысын қарап шықты. Жолдың 35-50 шақырым участогін жаңарту жұмыстары биыл аяқталмақ.
Осы жылы Шалқарда сондай-ақ, аудан тұрғындарының қолдауымен қаржыландырып жатқан медресенің құрылысы да аяқталады. Қазіргі таңда жұмыс 95% орындалған. Ғимараттың жалпы аумағы 600 м2 құрайды. Мұнда 17-25 жас аралығындағы қыз-жігіттер тәлім ала алады.
Бұдан басқа, облыс әкімі «Үлкен Борсық» орман шаруашылығының жұмысымен танысты. Шаруашылықта сексеуіл, жыңғыл, түрлі ағаштар арнайы өсіріліп, тұрғындарға, мекемелерге беріледі. Аудан көлеміндегі шөлейтті далалық пен бірқатар нысандарды көгалдандыру мәселесінде көп септігі тиіп отырған бұл мекемеде «Жасыл Ел» бағдарламасымен студенттер жұмыс жасап жатыр. Әр студенттің айлық еңбекақысы 85 мың теңгені құрап отыр. Аймақ басшысымен жүздескен жастар көгалдандыру жұмысына белсенді араласып, ерінбей еңбек етіп, өмірлік тәжірибе жинақтап жатқанын да тілге тиек етті.
Содан кейін облыс әкімі «Әділ-Жан-Би-Әлібек» шаруа қожалығының жұмысымен танысып, ет, сүт өнімдерін өңдейтін, жартылай фабрикаттар дайындайтын цехты аралап шықты. Шаруа қожалығы 2019 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 60 млн. теңге несие алып, 50 млн. теңгесіне 80 бас асыл тұқымды МІҚ, 10 млн. теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын (трактор т.б.) сатып алған.
Облыс әкімі 2019 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 4 млн. теңге несие алып, 11 млн теңге көлеміндегі өз қаржысына «Ахмет-жиһаз» цехын іске қосып отырған цехты аралап шықты. Жиһаз цехы айына шамамен 10 ас үй жиһазы, 10 шкаф-купені сатуға шығарып отыр. Өңір басшысы цех жұмысымен танысып, жергілікті жұмысшыларды көбейтіп, аумағын одан әрі кеңейтуге ұсыныс берді.
Жұмыс сапары соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Албатыр» кондитер цехының жұмысымен танысты. Кондитер цехында жергілікті 50 адам жұмыспен қамтылған. 2020 жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы арқылы 6 млн. теңге несие алып, цехты іске қосқан. Күніне 60-70 кг әр түрлі кондитерлік өнімдер, жартылай фабрикаттарды сатып отыр.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі