Оңдасын Оразалин халықты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды

Оңдасын Оразалин халықты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды
 
Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында халықты жұмыспен қамтамасыз ету, бюджетті жоспарлау және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнеконференция режимінде қатысты.
Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйентаева 2020 жылы тұрақты жүргізілген мониторинг нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсуін, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету мүмкін болғанын баяндады. Биылғы жылы облыс экономикасының өсімін 4,1% қамтамасыз ету міндеті тұр.
«Бюджетті сапалы және тиімді жоспарлау өте маңызды мәселе. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік заңнамаға сәйкес құжаттаманы сапалы әзірлеуге ерекше назар аударып, бюджеттік жоспарлаудың алгоритмі мен мерзімдерін ұстанып, экономикалық қорытындысы дайын жобаларды ғана қарауға ұсынуы қажет», - деді баяндамашы.
Осыған орай аймақ басшысы Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдерінің қызметін сынға алды.
«Барлық жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, уақтылы мемлекеттік сараптамадан өтуі керек. Өкінішке қарай, экономикалық тұрғыдан тиімсіз жобаларды іске асыру, стратегиялық жоспарлаудың және сіздердің тарапыңыздан тиісті бақылау мен талдаудың жоқтығы орын алуда. Әкімдіктер мен басқармалардың тарапынан бақылау ортақ, бірлескен жауапкершілік болуы керек. Ақтөбе қаласы мен аудандарға жасаған іс-сапарларымдағы жолдарды, әлеуметтік нысандарды жөндеуге, маңызды құрылыстар салуға байланысты берген әрбір тапсырмаларым есімде. Барлығының орындалуын өзім тексеремін», - деді Оңдасын Оразалин жиналысқа қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде.
«Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 18 ауылда 2,1 миллиард теңгенің 26 жобасы жүзеге асырылады. Салынған және жаңғыртылған нысандар 40 мың тұрғынның өмір сүру сапасын жақсартады және 393 жұмыс орнын ашады.
2021 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыруға 13,9 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларында 41 жоба жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Жол картасын» іске асыру мәселелері де талқыланды.
Облыс әкімі жауапты басқарма басшыларына, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне құжаттама әзірлеуді, конкурсты өткізуді тездетуді тапсырды және жобаларды іске асыру мерзімдерін бұзғаны үшін жеке жауапкершілікті еске салды.
Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова 2020 жылы халықтың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз ету, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру оң нәтиже бергенін айтты.
Барлығы 23 007 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 56,3% тұрақты жұмыс орындары.
«Төтенше жағдайлар мен шектеулі шараларға қарамастан, 60 мыңнан астам жұмыссыз жұмыспен қамтылды, оның ішінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша 54 248, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша - 6 103. Жүйелі жұмыс нәтижесінде жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8%, жастар жұмыссыздығы - 2,9% құрады. Ағымдағы жылдың басынан бастап 8962 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 3582-сі тұрақты. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 9 855 жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар тартылды, оның ішінде 4 623 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, 1 169 әлеуметтік жұмыс орындарына ие болды, 374 жастар практикасына, 3 632 қоғамдық жұмыстарға жіберілді, 346 қысқа мерзімді оқудан өтті», - деді Бұлбұл Елеусінова.
2020 жылы аз қамтылған 6 695 отбасына 2 235,1 млн.теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2021 жылдың 1 тоқсанында 4017 отбасы 441 млн.теңге көлемінде АӘК алды.
«Өткен жылы қабылданған шаралардың нәтижесінде 1124 ақтөбелік отбасының табыс деңгейі өсті: бір бөлігі жұмыспен қамтылды, басқалары гранттарды қолданып, өз бизнестерін бастады. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту керек: біздің міндетіміз - жұмыс табу, кәсіпкерлікті дамыту. Атаулы әлеуметтік көмекпен үй алуға қаржы жинауға тырысатындар бар, біздің қолдауымызға сеніп жұмыс жасағысы келмейтіндер де бар. Осыған байланысты тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Мемлекеттік қолдау тәуелділікті туғызбауы керек», - деп атап өтті аймақ басшысы.
Жиын соңында Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне көктемгі дала жұмыстарына дайындықты күшейтуді, абаттандыру мен көгалдандыру мәселелерін үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі