ОБЛЫС ӘКІМІ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН АРАЛАДЫ

ОБЛЫС ӘКІМІ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН АРАЛАДЫ

Жұма, 9 сәуір күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қаламыздағы медициналық керует шығаратын «Vega Aқтөбе» ЖШС өндіріс орнын аралады.  
Өңір басшысы жылына 840 көпсалалы медициналық керует және тумбалар шығаратын қауқары бар өндіріс орнын аралап, өнімнің сапасына көз жүгіртіп, цехтың жағдайымен танысты. Отандық өнімді қолдау бағытында өндіріс орнымен бірлескен жұмыстар жүргізу үшін облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевқа бірқатар тапсырмалар берді.     
Айтып өтейік, бұл жоба 2020 жылы «БЖК 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 1,0 млрд теңге несие сомасына субсидиялау және кепілдік беру құралдары бойынша ашылған. Қазақстандық KZ СТ стандартын иеленген сертификаты бар. Аталған цехтан медициналық керуеттен басқа үй тұрмысына қажетті түрлі жиһаз өнімдері шығарылады.  
- Өңірімізден шығып жатқан отандық өнімді қолдап, облыс көлеміндегі барлық ауруханалар мен емханаларға сапалы медициналық керуеттерді жеткізу жолдарын қарастыруымыз қажет. Өз кезегінде сапасы жақсы, мемлекеттік стандартқа сай әрі бағасы арзан өнім жергілікті ауруханалардың төсек-орындарын толықтай жаңартады деп ойлаймын. Біздің міндетіміз - өз күшімен медициналық төсек-орындар мен қажетті құралдар шығарып жатқан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, өнімдерін алыс-жақын нарыққа шығаруына толықтай жағдай жасау. Келешекте спорттық жабдықтар мен мектептерге арналған орындықтарды, парталарды да осы жерден жасатуға болады, – деді облыс басшысы. 
Содан кейін өңір басшысы «Ақтөбе» индустриалдық аймағына барып, жүргізіліп жатқан жобалардың жағдайымен танысты. Қазіргі кезде «Ақтөбе» ИА аумағында жалпы сомасы 56,6 млрд.теңгеге 1 592 жұмыс орнын құрумен 27 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы құны 6,2 млрд.теңгеге 340 жұмыс орнын құрумен 7 кәсіпорын пайдалануға берілді. Кейінгі жылдары 937 жұмыс орнын құра отырып, жалпы инвестициясы 28,6 млрд.теңгеге 15 кәсіпорынды іске қосу жоспарлануда. Осы жылы аймақтық үйлестіру кеңесі жалпы ауданы 35 га, инвестиция көлемі 19,1 млрд.теңгені құрайтын және 380 жұмыс орнын құратын жер учаскелерін беру бойынша 4 жобаны мақұлдады.
Облыс әкімі кездесу соңында индустриалдық аймақтың басшылығына жаңа инвестициалық жобалардың жұмысын жандандырып, жыл аяғына дейін өз кәсіптерін бастаған бірқатар кәсіпорындардың толықтай ашылуына жан жақты көмектесулерін тапсырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі