Оңдасын Оразалин көктемгі егіс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды

Оңдасын Оразалин көктемгі егіс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында ауыл шаруашылығын дамыту сұрақтары талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.
Өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты Оңдасын Оразалин медициналық мекемелерді дәрілік заттармен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді, шағын және орта бизнес субъектілеріне шектеу шараларын сақтау керектігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, жиын барысында қатысушылардың назарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы бейнеклип ұсынылып, оның алдын алу жолдары туралы ақпарат берілді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Әбтиев 2020 жылы ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстардың нәтижелері жайында ақпарат берді.
Оның сөзінше, пандемияға қарамастан былтырғы жылдың қорытындысы бойынша аталмыш салада оң динамика сақталған.
«Ауылшаруашылығын мемлекеттік қолдау мақсатында былтыр 19,2 млрд. теңге субсидия төленді. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында 28,9 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиелер берілді, соның ішінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша 857 жобаны жүзеге асыруға 3,7 млрд. теңге бөлініп, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша  5,5 млрд. теңгеге тоқсан жоба қолдау тапты. Нәтижесінде, 324,7 млрд теңгеге өнім өндірілді. Өсім 6,7%-ды құрады», - деді баяндамашы.
Ірі қара мал басы 7,7% өсіп, 531,4 мың басты құраса, ұсақ мал 2,3% өсіп, 1153,4 мың басқа, жылқы 23,4% өсіп, 178,1 мың басқа жетті. Асыл тұқымды ірі қара мал 11,8%, қой 13,3%, жылқы 18,2% көбейді.
Егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына 863,1 миллион теңге субсидия төленді. 513,8 мың тонна дәнді дақыл, 35,4 мың тонна майлы дақыл жиналды.
Мемлекет басшысының суармалы жерлерді ұлғайту бойынша тапсырмасына сәйкес 10,6 мың гектарды тұрақты суармалау және 24,8 мың гектарды көлдетіп суаруды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.  Жобалар Мәртөк, Қобда, Ойыл аудандары мен Ақөбе қаласында жүзеге асырлып жатыр. Биыл осындай жобалар Қарғалы, Әйтеке би, Хромтау аудандарында бастау алмақ.
Өткен жылы 9,2 млрд. теңгеге 929 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынса, оның ішінде түрлі модификациядағы 287 трактор, 20 астық жинау комбайны, 26 бірлік астық өңдейтін техника, 412 бірлік азық дайындайтын техника және т.б. бар. Ауыл шаруашылығы техниксының паркін жаңартуда Қазақстан бойынша ең жоғарғы көрсеткішке қол жетті.
Бірінші сұрыпты ұннан пісірілетін әлеуметтік нан бағасының өсуіне жол бермеу үшін жергілікті бюджеттен 160 млн. теңге бөлініп, қаражат нан мен нан-тоқаш өнімдерін шығаратын төрт ірі өнідушіге пайызсыз несие ретінде берілді. Биылғы наурыз айында 4800,0 тонна бірінші сұрыпты ұн сатып алуға жергілікті бюджеттен қосымша 600 млн. теңге бөлінді.
Жалпы 2020 жылы ауыл шаруашылығы саласына 22,4 млрд. теңге инвестияланып,  15,6 млрд. теңгеге 38 жоба жүзеге асырылған болатын. Олардың қатарында  «Milker» ЖШС құрама жем зауыты, мал бордақылау алаңы, «GreenCapitalKazakhstan» ЖШС-нің бесінші буынды жылыжай кешенінің екінші кезеңі сынды т.б. ірі жобалар бар.

2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың Жол картасы аясында алдағы бес жылда құны 311 миллиард теңгені құрайтын 75 жоба жүзеге асырылады. Осы жылы құны 9,2 млрд теңге болатын 15 жоба пайдалануға берілмек.
Облыс әкімі: «Ауа райы тұрақталды. Біз көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қабылдауымыз керек.  Биыл қандай астық алатынымыз өзімізге байланысты. Ол үшін барлық ресурстар бар,  жанар-жағармай материалдарымен және тұқымдармен қамтыдық. Сонымен қатар, ет пен сүтті қайта өңдейтын кәсіпорындар санын көбейту шараларын қабылдау керек»,- деп атап өтті.
Сондай-ақ, Оңдасын Оразалин суармалы жерлер алаңын ұлғайту, субсидияны уақытылы әрі сапалы игеру шараларын қабылдау бойынша және т.б. жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Ақтөбе облысының Ветеренария басқармасының басшысы Кеңес Қанадбаев өңір аумағында қабыданып жатқан эпизоотикалық және ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады.
Оның сөзінше, 2020 жылы жануарлардың энзоотикалық ауруларының алдын алуға 29,9 млн теңге бөлінген. Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарында 127 мал қорымы тіркелген. Былтыр облыстағы төрт елді мекенде мал қорымын салу үшін облыстық бюджеттен 62,4 млн. теңге бөлінді.
2021 жылға бекітілген жоспарға сәйкес ауылдық округтерде ветеринарлық-профилактикалық, диагностикалық шаралар басталды.
Жиын соңында облыс әкімі бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі