Оңдасын Оразалин : Біз халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ұсыныстардың барлығын қолдаймыз

Оңдасын Оразалин : Біз халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ұсыныстардың барлығын қолдаймыз
Облыс әкімдігінде облыстық мәслихаттың кезекті екінші сессиясының пленарлық отырысы өтті. Жиынға өңір басшысы Оңдасын Оразалин, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Депутаттар облыстық мәслихаттың 2020 жылдың 11 желтоқсанындағы «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» №574 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты мәселені талқылады.
Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева бюджетті нақтылау аясында құрылысқа, орташа және күрделі жөндеуге, сонымен қатар қосымша қаржыны қажет ететін шараларға 18 млрд теңге қаражат қарастырылғанын жеткізді.
Баяндамашы: «Бюджет негізінен жыл басындағы қалдыққа, кірістердің өсуіне (әкімшілік айыппұлдар, жеке табыс салығы және әлеуметтік салық), сондай-ақ ішкі резервтерге байланысты қайта қаралды. Осы бюджеттік бағдарламалар бойынша 13 млрд теңге бөлу қарастырылған, даму бюджетінің бағдарламалары бойынша 4 млрд теңге бөлу ұсынылып отыр»,- деп нақтылады.
Облыстық құрылыс басқармасына 1,1 млрд тенге бөлінген. Бұл қаражат үш ауысымдық және апаттық жағдайдағы мектептер санын қысқартуға, Мұғалжар, Ырғыз және Қобда аудандарында төрт мектеп салуға мүмкіндік береді. Төрт спорт залын, Ақтөбе қаласындағы орта мектептерге жеті қосалқы ғимарат , Қобдадағы мектеп гимназиясының 300 орындық интернатын салу үшін 13 жобалық-сметалық құжат әзірленді. Нұр-Ақтөбе тұрғын үй алабындағы төрт үйдің құрылысына және Әйтеке би, Қарғалы, Ойыл және Хромтау аудандарында бес жалдамалы үйдің құрылысын бастауға және т.б. қаражат бөлу жоспарлануда. Бұдан өзге, сессияда жер үсті көздерінен су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем мөлшерлемелеріне өзгерістер енгізіліп, облыстық қоғамдық кеңестің және комиссияның құрамдарын өзгерту сұрақтары қаралды, облыстық мәслихаттың 2021 жылы атқаратын жұмысының жоспары бекітілді.
Депутаттар күн тәртібіндегі барлық сұрақтарға қатысты тиісті шешімдер қабылдады.
Оңдасын Оразалин: «Биылға жоспар көп. Олардың дені бүгін өздеріңіз нақтылаған бюджет қаражатының арқасында жүзеге аспақ. Біз сіздердің барлық ұсыныстарыңызды қолдауға дайынбыз, өйткені олар халықтың әл-ауқатын жақсартуға, ақтөбеліктердің тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған және маңызды проблемаларды шешуге мүмкіндік береді»,- деп атап өтті.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі