Оңдасын Оразалин мемлекеттік органдардың басшыларына су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейтуді тапсырды

Оңдасын Оразалин  мемлекеттік органдардың басшыларына су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейтуді тапсырды
Өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппарат жиынында санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты сұрақтар қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейне байланыс арқылы қатысты.
«Бүгінде коронавирус инфекциясын жұқтырған бірде бір жағдай тіркелген жоқ. Қазіргі таңда жұқпалы аурулар стационарында 92 адам ем алуда, жүктеме 20,6%-ды құрайды. Карантиндік стационарда 16 адам жатыр, жүктеме 3,6%. 22 ақпан күні екпе салудың екінші кезеңіне көшкен болатынбыз, 55 адам егілді. Медициналық мекемелер екпе сақтайтын салқындатқыш қондырғыларымен қамтамасыз етілген»,- деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов.
15-22 ақпан аралығында 47 бақылау тобы 181 рейд жүргізіп, 851 нысан тексерілді, бес нысанға айыппұл салынды. Жалпы алғанда, 1373 нысан тексеріліп, 186 млн теңгеге айыппұл салынды.
Өңір басшысының тапсырмасымен депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер мониторинг жасауға тартылды.
Оңдасын Оразалин жауапты адамдарға: «Жағдай тұрақты, бірақ бұл арқаны кеңге салуға болады деген сөз емес»,- деп ескертті.
Сондай-ақ, облыс әкімі мемлекеттік органдардың басшыларына су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейтуді тапсырды.
Өңірде шаралардың тиісті жоспары жасалып, бекітілді, облыстық, қалалық және аудандық тасқынға қарсы комиссияның құрамы мен міндеттері анықталды. Су тасу қаупі бар жерлердің төлқұжаттарын түзету барысында облыста 11 мыңнан аса адам тұратын су деңгейінің көтерілу қаупі бар аймаққа жатататын отыз елді мекен анықталды.
154 614 м3 қар шығарылып, 80,5 тонна жанар-жағармай, 7​ 970 тонна инертті материалдар қоры жасалды, 13 мың адамды уақытша орналастыратын 76 орын дайындалды. Облыс аумағында орналасқан 174 гидротехникалық ғимарат тексерілді. Олардың 17-сі жөндеуді қажет етеді.
Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне төтенше жағдайдың орын алуына жол бермеу үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауға алып, су қоймаларын, соның ішінде ​ иесіз жатқандарды тексеруді, сонымен қатар, қолда бар күш пен құралдарды мобилизациялауды тапсырды.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі