Ақтөбе облысында 2020 жылы жұмыссыздық деңгейі төмендеген

Ақтөбе облысында 2020 жылы жұмыссыздық деңгейі төмендеген
Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппарат жиынында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басышлары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында барлық тиісті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.
Кейін жиында өңірдің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы жасалып, алдағы жылдың жоспары айтылды.
Облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім байқалатынын жеткізді. Облыс бойынша инфляция 107,5%-ды құрайды. Негізгі капиталға түсетін инвестиция 646,8 млрд. теңгені құрады. Бюджет қаржысының 355 млрд. теңгесі игерілді, сол көрсеткіш бойынша Ақтөбе облысы өңірлер арасында үшінші орында.​ Бюджеттің жоспарлау кезіндегі ​ 99,8 миллиард теңгені құрайтын кіріс бөлігі 123,5 миллиард теңгені құрады.
Негізгі мақсаты ауылдағы тұрмыс сапасын жақсарту, ауыл аумақтарындағы инфрақұрылымдарды жаңғырту, оларды өңірлік стандарттар жүйесі параметрлеріне дейін жеткізу болып табылатын «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2019-2020 жылдары 107 мың тұрғыны бар 17 ауылда 6,6 млрд. теңгеге 39 жоба жүзеге асырылды. Биыл 72,5 мың адам тұратын келешегі бар 32 ауылда 7,7 млрд теңгеге 78 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 41,5 млрд. теңгеге 300 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды, 12 мың адам жұмысқа орналасты. 22​ 803 жаңа жұмыс орындары құрылып, оның 56%-ы тұрақты.
«Жол картасының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы республикамызда жұмыссыздық деңгейі 0,1% төмендеген жалғыз өңір. Осы жылы шағын және орта бизнеске микрокредит беру үшін 1,1 млрд. теңге, тағы 13,9 млрд. инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға ​ ​ бөлінбек. «Еңбек» бағдарламасымен 54​ 248 адам қамтылып, 2 мыңдай адам мемлекет қолдауын пайдаланды, 1​ 357 адам 745 млн.теңгеге қайтарымсыз гранттар, 953 адам 4,6 млрд. теңге шағын несие алды. Көпшілік мақұлдаған шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,8%, жастар арасындағы жұмыссыздық - 2,7% құрады»,- деді Руслан Хамбаров.
Облыс әкімінің орынбасары Амангелді Бердалин ауыл шаруашылығының 2020 жылдағы дамуы жайлы баяндады.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісі 324,7 млн. теңгені, нақты көлем индексі – 106,7% құрады. Негізгі капиталға 22,4 млрд. теңге инвестиция тартылды. Өсім - 110,4%.
Субсидиялауға республикалық және облыстық бюджеттен 19 млрд теңге бөлінді, соның ішінде 863 млн теңге мал шаруашылығына.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин субсидия алатын әрбір шаруашылық бойынша нақты талдау жүргізуді тапсырды.
Өңір басшысы: «Мемлекет ауылшаруашылығын дамытуға қанша қаражат бөлетінін ескерсек, барлық көрсеткіштер бойынша айтарлықтай өсім болуы керек. Біз ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерден бағаны тұрақтандыру, мал басының, ұқсату көлемінің ​ өсіміі түрінде қайтарымды көруіміз керек», - деп атап өтті.
Ағымдағы жылы Ақтөбе қаласында, Хромтау, Мәртөк, Қарғалы аудандарында сүт тауарлы фермалар, ет пен жұмыртқа ​ бағытындағы құс фермаларын, бордақылау алаңдарын, жылыжай, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін экспортқа бағытталған өндірістік кәсіпорындар ашу, өндірістік кооперативтердің тиімділігін арттыру, егістік жерлерді диверсификациялау, үнемі суарылатын жерлерді айналымға енгізу бойынша үлкен жұмыстар жоспарланған.
Облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов 2020 жылдың қорытындысы бойынша «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарламалары аясында бизнестің 1675 жобасы қолдау тапқандарын баяндады. Өңірлер тұрғысынан алғанда, облыс көшбасшылар қатарында. «БЖК» аясында кәсіпкерлік субъектілерінің 1108 жобасы қолдау көрді.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 38,9 млрд.теңгеге 122 жоба мақұлданды. Жобалардың дені аграрлық-өнеркәсіп кешен, азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, білім және т.б. ​ үлесінде.
ИИДМБ аясында 1​ 156 ​ жұмыс орны құрылып, 138,3 млрд. теңгеге 23 жоба жүзеге асырылды.
Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет әлеуметтік саланың даму қорытындысы туралы ақпарат берді.
Білім беру саласында 20 мектеп салынып, 56 білім беру мекемесі жөнделді, 87 пән кабинеттері сатып алынды.
Биыл білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, үш ауысымдық білім беру мен оқушы орындарының тапшылығын жою ​ шаралары қабылданатын болады. Сондай-ақ, 8 мектептің, екі қосалқы ғимараттың құрылысы жалғасып, Мұғалжар ауданының Қандыағаш, Ембі қалаларындағы, Алға ауданының Маржанбұлақ ауылындағы мектептердің, Қарғалы ауданындағы өнер мектебінің, Ақтөбе қаласындағы Қазанғап атындағы мектептің құрылысы басталмақ.
Жиын соңында Оңдасын Оразалин мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын орындау үшін барлық шараларды қабылдау керектігін атап өтті.
Облыс әкімі: «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын көтеру – алдымызда тұрған ең маңызды міндеттер. Бұл сұрақтар қатаң бақылауда. Олардың шешіміне қолда бар ресурстарды пайдалана отырып, үлкен жауапкершілікпен қарау керек», - деп тапсырды.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі