Ақтөбе облысы 2021 жылы 10 қаңтар күні Қазақстанда өтетін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауын өткізуге толықтай дайын.
8 қаңтар, жұма күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин материалдық-техникалық жағынан жабдықталуы аясында сайлауды өткізуге дайындығын анықтау және коронавирус инфекциясына қарсы нормаларды сақтау және оның алдын алу мақсатында №77, №6 учаскелік сайлау комиссияларында, сонымен қатар, қалалық аумақтық сайлау комиссиясында болды.
Айта кетейік, өңірде 517 сайлау учаскесі жұмыс жасайтын болады, олардың 162-сі Ақтөбе қаласында.
Дауыс беретін күні облыстың 562351 тұрғыны дауыс береді деп күтіліп отыр. Дауыс беру процесін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер филиалдарының байқаушыларынан өзге ТМД мен ЕҚЫҰ өкілдері бақылайды.
Өңір басшысы әсіресе, учаскелерде сайлаудың өтуін және қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған шараларға, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың дауыс беруі үшін жағдайдың жасалғанын қарады.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқығын жүзеге асыру үшін учаскелерде пандустар, тұтқалар орнатылған, бейімделген форматтағы ақпараттармен жабдықталған мониторлар бар.
COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында медицина қызметкерлері мен еріктілердің кезекшілігі ұйымдастырылады, санитайзерлер қарастырылып, ғимарат үнемі тазартылып тұрады.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі