Жексенбі, 13 желтоқсан күні Хромтау ауданы Ақжар ауылында спорттық нысан пайдалануға берілді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин кешеннің ашылуына қатысып, ангар үлгісінде бой көтерген спорттық ғимаратты аралады. Мұнда шағын футбол, таэквондо, күрес залдары жұмыс жасайды. Аймақ басшысы жас спортшылардың өнерін тамашалап, спорттық жабдықтар алуға 5 млн тг сертификат табыстады. Ақжарлық жасөспірімдер бұған дейін мектеп спорт залында жаттығып келген болатын. Мұнда 500ге жуық бала тәлім алуда. Аталған ауылдық округтің өзінде биыл 12 жолға асфальт төселген.
Бұдан соң өңір басшысы “Нұрлы жер” бағдарламасымен салынып жатқан 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. 1-3 бөлмеден тұратын көпқабатты үйдің құрылысы 2020ж басталып, 2021 жылы аяқталуы қажет. Облыс әкімі мердігер мекеме басшылығына құрылыс жұмысын қарқындатуды тапсырды. Жалпы Хромтау ауданында өткен жылы 4 қабатты 96 пәтер көп балалы, мүгедек, зейнеткер жандарға берілді. Тұрғындарды сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз ету мақсатында құны 10,9 млн тг 2020 ж қараша айында байланыс мачтасы тұрғызылды. Биіктігі 25 метр болатын құрылғының арқасында 22- ықшам ауданының тұрғындары сапалы ұялы байланысқа қол жеткізді.
Аудан орталығында “Казхром” ТҰҚ АҚ бірлескен мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында 320 орындық бала-бақша пайдалануға берілді. Оңдасын Оразалин бала-бақша ішін аралап, бүлдіршіндерге жасалған жағдаймен танысты. Мұнда мектепке дейінгі білім алушыларға арналған 14 кабинеттің барлығы дерлік интерактивті тақтамен қамтамасыз етілген. Компьютерлік класс жұмыс жасайды. Ерекшелігі сол, мұндай жоғары дәрежедегі сапалы мекеме МЖС бағытта салынған облыстағы жалғыз балабақша болып отыр.
2 қабатты нысанның құрылысына 700 млн.тг жұмсалған. 14 топқа 3-6 жас аралығындағы балалар қабылданады.Хромтау қаласындағы орталық саябаққа қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 15,8 га аумақтағы саябаққа 140 бағана жарықшамдар, 14 бейне бақылау камерасы, 39 орындық және 6 беседка орнатылды. Жастарға арналған скейт және воркаут алаңы, 25 км жүгіру жолы орнатылды. Ұзындығы 2,2 км су құбыры тартылып, 9000 ш.м. асфальт және брусчатка төселді. Жаяу жүргіншілерге арналған жол, субұрқақ, сахнаны қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Саябақтағы мұз алаңында доптық хоккейден ҚР Чемпионы “Хромтау ауданы” командасы жаттығу жасауға мүмкіндіктері бар. Одан бөлек, салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар шаңғы спортымен шұғылданып, серуендей алады.
Өңір басшысы Дөң орта мектебінде тұрғындармен кездесіп, бейне көрсетілім арқылы ауданның даму жоспарымен танысты. Хромтауда 2020 жылы "Жұмыспен қамтудың жол картасы" мемлекеттік бағдарламасымен 2 млрд 19 млн теңге бөлініп, 19 жоба іске асуда. Яғни, 42 көшеге асфальт жамылғылары төселіп, Хромтау қаласында 12 көше асфальтталды. Абай, Ақжар, Көктау, Бөгетсай және Дөң ауылдық округктерінде ауылішілік жолдарды жасау жұмыстары жүргізілді. Дөң ауылдық округіндегі барлық 14 көшенің 7-еуі жөнделді. 30 орындық медпункт салынып, әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтті.
“Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында елімізде көптеген игі істер атқарылуда. Оның ішінде Ақтөбе облысында да тұрғындардың әл-ауқатын, тұрмыстық деңгейін жақсарту мақсатында әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жолдар жөнделуде.Тұрғын үйлер салынып, инфроқұрылымдық жұмыстар жүзеге асуда”,- деді Оңдасын Оразалин.
“Ауыл - ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақжар ауылында құны 200 млн тг, Көктау ауылында құны 190 млн тг көлемінде ангар типті спорт кешендері салынып, Ақжар ауылының орталық көшесіне 135,9 млн теңгеге күрделі жөндеу жасалды. Тассай, Тасөткел, Табантал ауылдық округтеріне баратын кіреберіс жолдардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Оңдасын Оразалин Абай ауылында болды. Ұзындығы 68,2 метр болатын қүрылысы аяқталған көпір өткелін қарады. 182,1 млн тг салынған жоба қүрылысы биыл мамыр айында басталып, қараша айында аяқталды. Абайлық тұрғындар облыс әкіміне алғыстарын білдірді. Аймақ басшысы ірі қара мал бордақылаумен айналысатын “Жантизер” ШҚ жұмысын көрді. Шаруа қожалықта 3752 бас ірі қара, 2474 ұсақ мүйізді мал, 1580 бас жылқы бар. Сонымен бірге, 3000 басқа арналған бордақылау алаңы жұмыс жасайды.
Ет өнімі облыс аумақтарына, Иран еліне экспортталады. Жұмыс сапарының соңында Оңдасын Оразалин Хромтау ауданының әкімі Нағымжан Алдияровқа жүзеге асырылып жатқан жобалардың уақытылы әрі сапалы тапсырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі