Ақтөбе облысында 49442 азамат жұмыспен қамтылды

Ақтөбе облысында 49442 азамат жұмыспен қамтылды
Өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппараттық жиын кезінде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты сұрақтар қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі жағдайдың тұрақты екенін жеткізді.
Оның сөзінше, "Жайсаң" өткізу бекеті арқылы 6 қазаннан бері 34 мыңнан астам адам келіп, олардың ішінде 3 мың адам карантиндік стационарға орналастырылды.
Өңірде жағдайдың нашарлауына дайындық жұмыстары жалғасуда.
Қажет болса кереует орындарының саны 315-тен 3603-ке (1-ші деңгей 1255, 2-ші деңгей 2348) дейін артады. 47 бақылау тобы 20402 нысанды қамти отыра 7549 рейд жүргізді. 1411 адам әкімшілік жауапқа тартылып, 142,5 млн теңге айыппұл салынды.
Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудандарда мұқтаж жандарды қамтамсыз ету үшін дәрілік қорды қалыптастыру, дәрі-дәрмектер бағасын тұрқтандыру және медициналық мекемелерді дайындау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
"Барлық бағыттар бойынша қоғамдық бақылауды, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Ең тиімді әдістерді қолдану керек. Бастысы, ауру-сырқаудың өсуіне жол бермеу",- деді Оңдасын Оразалин.
Жиында, сондай-ақ, мемлекет басшысының "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидасы мен халықты жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша тапсырмасының орындалу сұрақтары қаралды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың сөзінше, жыл басынан бері 49 442 жұмыссыз бен өзін өзі жұмыспен қамтушы жаңа жұмыс орындарымен қамтылса, олардың 42179 - тұрақты жұмысқа орналасқан.
"Бастау бизнес" жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыған 1404 адамның 816-сы қаржыланып, 1311 адам 555,6 мың теңге көлемінде грант алды.
"Сіздің тапсырмаңызбен Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдіктері бюджеттен қосымша 175,2 млн теңге бөліп, осы қаражатқа 322 жұмыссыз өз ісін ашты. Олардың ішінде 374-і жастар, 776 әйел, 155 аз қамтылған, 303 көпбалалы отбасы, 67 мүгедек. Осыған байланысты Ойыл ауданында аз қамтылған жанұяларды қолдау шаралары қабылданбаған, Алға, Мұғалжар аудандарында 1 отбасы, Шалқар ауданында 2 отбасы қамтылған",- деді басқарма басшысы.
845 ауыл тұрғыны 3721,1 млн теңге, Ақтөбе қаласының тұрғындары 916,1 млн теңге көлемінде шағын несие алды. Олардың ішінде 594 адам жаңа іс ашып, 356 адам қолда бар бизнесін кеңейтті.
Ағымдағы жылдың басынан бері 29 500 тұрақты орындар құрылып, 1940 адам әлеуметтік жұмыстарға, 3238 адам жастар тәжірибесіне, 10 237 адам қоғамдық жұмысқа жіберілді,
Жиынның қорытындысы бойынша облыс әкімі халықты жұмыспен қамту жұмысын жандандыруды тапсырды.
"Біз жұмыссыздық деңгейін төмендетудің ең тиімді шараларын қабылдауымыз, еңбек нарығының талаптарын ескере отыра тұрақты жұмыс орындарын құруымыз қажет",- деген Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне жұмыстарының негізгі көрсеткіштерін орындамаған жағдайда жеке бастарымен жауапты екендерін ескертті.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі