Өңір басшысы халықаралық конференцияға келген түркі елдерінің ғалымдарын қабылдады

Өңір басшысы халықаралық конференцияға келген түркі елдерінің ғалымдарын қабылдады

 

Облыс әкімі Асхат Шахаров «Түркі халықтарының рухани мұрасы әлемдік өркениет аясында: «Қобыланды батыр» жыры» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатысушы ғалымдармен кездесті.

Жүздесуде облыс әкімі халықаралық конференцияға арнайы келген ғалымдарға ризашылығын білдірді.

«Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Ресей Федерациясының Башқұртстан мен сонау Саха елінен келген ғалымдардың бір ортада бас қосуы — халықтарымыздың ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерттеудегі ғылыми ынтымақтастықтың маңызын айқын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі өркениетінің тарихи және мәдени мұрасын сақтау, оны келешек ұрпаққа аманат ету қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Мұндай мұраны зерделеу — тарихи жадымызды жаңғыртып қана қоймай, түркі халықтарының ортақ болмысы мен рухани байланысын нығайтатын маңызды бағыт. Конференция тақырыбына арқау болған «Қобыланды батыр» жырының Ақтөбе өңірі үшін орны ерекше. Батырдың мәңгілік мекені — мемориалдық кешен, Нұрпейіс Байғанин бастаған жыршылық дәстүр — өңірдің тарихи-мәдени болмысымен біте қайнасқан рухани құндылықтарымыз. Конференция осы бағыттағы ғылыми ізденістерді жаңа деңгейге көтеріп, отандық және шетелдік зерттеушілердің тәжірибесін тоғыстыруға мүмкіндік береді деп сенемін. Сіздердің еңбектеріңіз, соның ішінде «Қобыланды батыр» эпосын түрлі тілдерге аударып, әлемдік оқырманға таныту жолындағы жұмыстарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін», — деді облыс әкімі.

Кездесуде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Кенжехан Матыжанов «Қобыланды батыр» жырын халықаралық деңгейде зерттеудің маңызына тоқталды.

«Алтын Орда дәуіріндегі эпостық дәстүрдің ең озық үлгілерінің бірі — «Қобыланды батыр» жыры. Осы мұраны ғылыми тұрғыдан жаңаша зерделеп, халықаралық деңгейге көтеруді мақсат еттік. Бұл жұмыстағы басты тірегіміздің бірі — Ақтөбе елі. Қобыланды батырдың тарихи тұлғасы мен рухани мұрасы осы өңірмен тығыз байланысты. Соның алғашқы нәтижелерінің бірі — жырдың 29 нұсқасын қамтыған жеті томдық ғылыми басылымның жарық көруі. Бұл — Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан ауқымды еңбек. Бұдан бөлек екі жыл бұрын қазақ эпостарының бірқатарын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра бағдарламасы аясында таныту бағытында жұмыстар басталды. Солардың қатарында «Қобыланды батыр» жыры да бар. Қазір бұл мәселе ЮНЕСКО аясында қаралуда. Конференцияға түркі дүниесінің жиырмаға жуық ғалымының қатысуы — Қобыланды батыр тұлғасының ортақ тарихи-мәдени маңызын көрсетеді. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қазақстанның жетекші эпостанушыларының бас қосуы жырды халықаралық эпостану ғылымының жаңа жетістіктері негізінде қайта зерделеуге жол ашады. Кеңестік кезеңде эпосты зерттеудің белгілі бір шектеулері болды. Ендігі міндет — халықаралық эпостану ғылымының жаңа әдістерін пайдалана отырып, «Қобыланды батыр» жырының зерттеу аясын кеңейту және оның әлемдік мәдени кеңістіктегі орнын айқындау», — деді академик.

Сондай-ақ ол Қобыланды батыр мұрасын халықаралық деңгейде дәріптеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Өткен жылы ақтөбелік театр ұжымының Париж төрінде қазақ эпосы негізінде сахналаған спектакльдің қойылуы — жырдың әлемдік мәдени кеңістікке жол тартқанын айғақтайтын маңызды қадам екенін атап өтті. Сөз соңында Кенжехан Матыжанов облыс әкіміне ризашылығының белгісі ретінде Абайдың академиялық толық шығармалар жинағын тарту етті.

Кездесуде Саха (Якутия) Республикасының мемлекеттік Мәжілісі (Ил Тумэн) төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Александр Жирков та сөз сөйледі. Ол «Қобыланды батыр» эпосын саха тіліне аударған.

Жиын соңында облыс әкімі Асхат Шахаров ғалымдарға мазмұнды пікірлері мен құнды ұсыныстары үшін алғыс білдіріп:

«Алдағы уақытта да тарихи-мәдени мұраны сақтау, зерттеу және кеңінен насихаттау бағытындағы бастамаларды барынша қолдаймыз. Елдеріміз арасындағы ғылыми және мәдени байланыс нығая берсін», — деп сөзін қорытындылап, ғалымдармен естелік суретке түсті.