Бірлескен отырыс өтті

Бірлескен отырыс өтті

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиялардың бірлескен отырысы өтті.

Отырыста «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы, Мемлекеттік қызмет істері департаменті, Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы және Төтенше жағдайлар департаменті басшылары баяндама жасады.

Кездесу барысында кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің өзара іс-қимылын жетілдіру, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері қаралды.

Сондай-ақ сот сараптамасы саласындағы жұмыс процестерін жетілдіру, нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық жүйелердің тиімділігін арттыру бағыттары талқыланды.

Отырыстың маңызды бағыттарының бірі – алдағы 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық болды. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың тұрғын үйлерін газ датчиктерімен қамтамасыз ету, қазандықтардың техникалық қауіпсіздігін сақтау және профилактикалық шараларды күшейту мәселелері қаралды.

Бұдан бөлек, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындылары шығарылып, келесі шомылу маусымына дайындық мәселелері де назардан тыс қалмады. Жағажай инфрақұрылымын дамыту, қауіпті учаскелердегі бақылауды күшейту және бейнебақылау мүмкіндіктерін кеңейту бойынша ұсыныстар қарастырылды.

Комиссия отырысын қорытындылаған өңір басшысы жауапты мемлекеттік органдарға тиісті бағыттар бойынша жұмысты жалғастыру және алдын алу шараларының тиімділігін арттыру жөнінде тапсырмалар берді.