
Ақтөбеде 16 - 22 қыркүйек аралығында өткен Ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындары аяқталды.
Бір апта бойы Ақтөбе еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылардың басын қосқан үлкен спорт алаңына айналды. Республикалық додаға 16 өңірден 2 000-ға жуық спортшы қатысып, спорттың 10 түрінен бақ сынады.
Жарыстар асық ату, баскетбол 3×3, волейбол, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және футзалдан өтті.
Ойындар барысында жас спортшылар өз шеберліктерін көрсетіп, республикалық деңгейде тәжірибе жинақтады. Бір аптаға созылған тартысты бәсекелер нәтижесінде әр спорт түрі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Жалпыкомандалық есеп қорытындысы бойынша:
I орын - Түркістан облысы
II орын - Ақтөбе облысы
III орын - Алматы облысы
Айта кетейік, Талдықорғанда өткен IV Ауыл жасөспірімдерінің жазғы ойындарында Ақтөбе облысы жалпыкомандалық есепте VI орын алған болатын. Биыл жерлестеріміз нәтижесін айтарлықтай жақсартып, II орынға көтерілді.
Ойындардың жабылу рәсіміндегі маңызды сәттердің бірі - Ауыл жасөспірімдерінің жазғы ойындарының жалауын келесі қабылдаушы өңірге табыстау рәсімі болды.
Ақтөбе облысы V жазғы ойындардың жалауын 2022 жылы құрылған Жетісу облысынан қабылдаған болатын. Енді қалыптасқан дәстүрге сәйкес, Ауыл жасөспірімдерінің VI жазғы ойындарын өткізу мәртебесі Батыс Қазақстан облысына беріліп, ойындардың жалауы Батыс Қазақстан облысының өкіліне салтанатты түрде табысталды.
Осылайша, Ақтөбеде өткен Ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындары өз мәресіне жетіп, республикалық доданың эстафетасы келесі қабылдаушы өңір - Батыс Қазақстан облысына жолданды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймыз! Жас спортшыларға алдағы жарыстарда сәттілік, биік белестер мен жаңа жеңістер тілейміз!