Ақтөбеде «Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларының жеңімпаздары марапатталды

Ақтөбеде «Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларының жеңімпаздары марапатталды

 

Қыркүйек айының соңғы жексенбісінде атап өтілетін Еңбек күні қарсаңында облыс әкімдігінде «Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларының өңірлік кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Марапатталғандар қатарында еңбек әулеттерінің өкілдері, жас мамандар, жұмысшы жастардың тәлімгерлері, сондай-ақ өңірдегі әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорындар бар.

Іс-шарада облыс әкімі Асхат Шахаров қатысушыларға құттықтау сөз арнады. Ол еңбек, кәсібилік және ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығына, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің мәніне тоқталды.

«Мемлекет басшысы еңбек адамы қоғамда айрықша құрметке ие болуы керектігін, ал еңбекқорлық пен кәсібилік еліміздің маңызды құндылықтарына айналуы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Бүгінде біз осы қағидаттардың жерлестеріміз – еңбек әулеттері өкілдері, жас мамандар, тәлімгерлер және әлеуметтік жауапты бизнестің жетістіктерінен нақты көрінісін байқап отырмыз. Біздің ортақ міндетіміз – жастардың кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасау, аға буынның тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру. Жеңімпаздарымыздың еңбек жетістіктері көпшілікке үлгі болып, Ақтөбе облысының одан әрі дамуына серпін беретініне сенімдімін», – деді өңір басшысы.

«Еңбек жолы» конкурсы еңбек адамының мәртебесін арттыру, жұмысшы мамандықтарды дәріптеу, сондай-ақ еңбек әулеттері мен тәлімгерлікті қолдауға бағытталған.

«Үздік еңбек әулеті» номинациясында бірінші орынды «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының» атынан қатысқан Қойбағаровтар әулеті иеленді. Екінші орын Себеновтер әулетіне, үшінші орын «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-нің атынан қатысқан Қазтаевтар әулетіне берілді.

«Өндірістің үздік жас маманы» номинациясында бірінші орынды «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС қызметкері Бекслан Ерғалиев иеленді. Екінші орынға «АМК» ЖШС қызметкері Нұрсет Өмірбаев, үшінші орынға «АТК Qyzmet» ЖШС қызметкері Алтынбек Жәрдем ие болды.

«Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» номинациясында бірінші орын «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ өкілі Асылбек Ақшолақовқа берілді. Екінші орынға «AltynEx Company» АҚ өкілі Владимир Таран, үшінші орынға «АМК» ЖШС өкілі Алексей Кобзарь ие болды.

Іс-шара «Парыз» конкурсының өңірлік кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен жалғасты. Аталған конкурс әлеуметтік әріптестікті дамыту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін нығайтуға бағытталған.

«Ірі кәсіпкерлік субъектілері арасындағы үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясында бірінші орынды «Стройдеталь» ЖШС, екінші орынды «Қазахойл Ақтөбе» ЖШС иеленді.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері арасында бірінші орын «Агрофирма «Тау» ЖШС-не берілді. Екінші орынға «Шапағат» жеке медициналық мекемесі, үшінші орынға «Эльвира» шаруа қожалығы ие болды.

Сонымен қатар «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт» және «Қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін» номинациялары бойынша да жеңімпаздар анықталды. Марапаттарды өңірдің әлеуметтік жауапкершілікті дамытуға, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, әлеуметтік әріптестікті нығайтуға және экологиялық бастамаларды жүзеге асыруға үлес қосқан ірі, шағын және орта бизнес өкілдері алды.

Жалпы, марапаттау рәсімі барысында екі конкурс бойынша өңірлік кезеңнің 22 жеңімпазы атап өтілді. Оның 9-ы – «Еңбек жолы» байқауы, 13-і – «Парыз» байқауының жеңімпаздары.

Лауреаттарды құттықтаған облыс әкімі олардың әрқайсысының жетістігі еңбекке жауапкершілікпен қарау, кәсіби біліктілік, ұжымға деген қамқорлық және туған өңірдің дамуына үлес қосуға деген ұмтылыстың жарқын үлгісі екенін атап өтті.