
Ойыл ауданының активімен өткен жиыннан кейін Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ойыл ауылына кіреберістегі жаңа көпірді көріп, Шұбарқұдық – Ойыл – Қобда – Тұзтөбе автомобиль жолындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Ұзындығы 224 метр, ені 14 метрлік жаңа көпір екі жолақты қозғалысқа арналған. Бүгінде нысан пайдалануға беріліп, тұрғындар игілігіне қызмет көрсетіп отыр.
Ал ұзындығы 41,1 шақырымды құрайтын Шұбарқұдық – Ойыл – Қобда – Тұзтөбе бағытындағы автомобиль жолының учаскесінде қазір жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 8,5 шақырым жолдың негізі дайындалған. Жөндеу жұмыстарын 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 4,8 млрд теңге. Қаржыландыру облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылуда.
Сапаны «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» қадағалайды. Мекеме мамандары сынама алып, зертханалық жұмыстар жүргізеді.
Өңір басшысы мердігер «Bertys Construction» ЖШС-не атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын қамтамасыз етіп, жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Асхат Шахаров шалғай елді мекендер үшін жол және инженерлік инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор екенін атап өтті. Сенімді көлік қатынасы тұрғындардың әлеуметтік нысандар мен қызметтерге, сондай-ақ жұмыс орындарына қолжетімділігін арттырып, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.