Заң мен тәртіп: Ақтөбе облысында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары талқыланды

Заң мен тәртіп:   Ақтөбе облысында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары талқыланды

 

Ақтөбе облысының әкімдігінде «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен нашақорлықтың профилактикасы және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік штабтың бірлескен отырысы өтті.

Облыс әкімі Асхат Шахаров төрағалық еткен жиынға облыстық комиссия мен өңірлік штаб мүшелері, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, сондай-ақ ҚР ІІМ Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Арман Саданов қатысты.

Отырыста кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық, буллинг пен суицидтің алдын алу, қоғамдық орындардағы криминогендік тәуекелдерді төмендету, мүлік ұрлығы мен интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ есірткі қылмысы үшін жазасын өтеп шыққан азаматтарды әлеуметтендіру мәселелері қаралды.

Балалар арасындағы құқықбұзушылық, буллинг және өзге де тәуекелдердің алдын алу үшін білім беру ұйымдарында цифрлық мониторинг құралдарын қолдану мәселесіне назар аударылды. Атап айтқанда, «Dara bala» платформасындағы «TALDAU – QOLDAU – BAQYLAU» жобасын білім беру ұйымдарына кезең-кезеңімен енгізу және «BilimClass» жүйесін әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және құқық бұзушылық профилактикасы салаларындағы ақпараттық жүйелермен интеграциялау бойынша жұмысты жалғастыру ұсынылды.

Әлеуметтік және психологиялық қолдауды қажет ететін отбасыларды ерте анықтау, оларға қажетті көмек көрсету және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту бойынша тапсырмалар берілді.

Қоғамдық қауіпсіздік мәселесінде құқық бұзушылықтар жиі тіркелетін аумақтардағы инфрақұрылым сөз болды. Мәселен, көше жарығын жақсарту, бейнебақылау жүйелерін орнату, аулаларды абаттандыру және қауіпсіз қалалық орта элементтерін көбейту бойынша мекенжайлық жоспар әзірлеу қажеттігі айтылды.

Мал ұрлығы мен қараусыз жүрген малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесінде аудан әкімдері мал жаю бойынша үшжақты шарттар жасасу, арнайы қамау орындарының санын арттыру және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына уақытылы енгізу бойынша шаралар қабылдауы тиіс.

Өңірлік штаб отырысының күн тәртібінде қаралған тағы бір мәселе - есірткі қылмысы үшін жазасын өтеп шыққан азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу және олардың қайта қылмыс жасау тәуекелдерін төмендету. Осы бағытта жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, білім беру және құқыққорғау органдарының өзара іс-қимылын күшейту көзделді. «Пробация үйі» жобасы аясында жұмысқа орналастыру және әлеуметтік сүйемелдеу тетіктерін дамытылмақ.

Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге бірқатар хаттамалық тапсырма берілді. Олардың орындалу барысы - жіті бақылауда.