
V Жазғы ауыл жасөспірімдер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі «Мұз айдыны» ғимаратында өтті.
Ауқымды спорттық шарада облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, Ақтөбе облысы үшін осындай ауқымды жарысты қабылдау үлкен мәртебе әрі жоғары жауапкершілік екенін алға тартты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халық денсаулығын жақсарту мәселесіне айырықша назар аудару қажеттігін атап өткен еді. Барлық жастағы азаматтар арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Бүгінде облыста осы міндеттерді іске асыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соңғы үш жылда өңірде 31 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның 24-і ауылдық жерлерде орналасқан. Сонымен қатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. 35 мың көрерменге арналған футбол стадионы мен 5 мың орындық көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталды. «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен дене шынықтыру-сауықтыру кешені де салынуда. Еліміздің әр азаматы отаншыл, бірлік пен ынтымақты бұзбайтын, заң мен тәртіпті бұлжытпай сақтайтын, әділ әрі жауапкершілігі жоғары, еңбекқор, жаңашылдыққа жаны құмар болуы маңызды», – деді Жолдас Батырхан.
Биылғы ойындарға еліміздің 17 облысынан 2,5 мың жас спортшы қатысуда. Жарыстың негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамыту, спорттық шеберлікті арттыру және ауылдық жерлердегі болашағы зор спортшыларды анықтау.
Бір апта бойы қатысушылар спорттың он түрінен: асық ату, 3×3 баскетбол, волейбол, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және футзалдан бақ сынайды.
Ақтөбе қаласының ойындарды өткізу орны ретінде таңдалуы кездейсоқ емес. Өңірде, оның ішінде ауылдық жерлерде де спорттық инфрақұрылымның дамуы қарқынды. Осындай деңгейдегі жарыстарды өткізу жас спортшыларды іріктеу мен даярлауға қосымша мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ойындардың елдің, соның ішінде олимпиадалық резервін қалыптастыруда маңызы зор.
Жас спортшылар үшін ауыл ойындары – республикалық деңгейге шығуға, еліміздің өзге өңірлерінен келген құрдастарымен күш сынасуға мүмкіндік. Мұндай жарыстар спорттық нәтижелермен қатар, тәртіп, командалық рух, жауапкершілік және қарсыласқа деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді.
V Жазғы ауыл жасөспірімдер ойындары Ақтөбеде 22 қыркүйекке дейін жалғасады. Бір апта бойы қала еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылардың басын қосатын спорттық жарыстар алаңына айналып, қатысушыларға жаңа тәжірибе жинап, спорттық дамуда кезекті қадам жасауға мүмкіндік береді.
Жарыс ҚР Туризм және спорт министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып отыр.