Оңдасын Оразалин : Сапасыз жұмыстарымен көзге түскен мердігерлермен тез арада қоштасуға тура келеді

Оңдасын Оразалин : Сапасыз жұмыстарымен көзге түскен мердігерлермен тез арада  қоштасуға тура келеді
Жұма, 27 қараша күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин цифрландыру саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысып, қар тазалаушы мердігер мекемелердің қыс мезгіліне дайындықтарын бақылады.
Аймақ басшысы “Автопарк” ЖШС мекемесінде "СмартАвтобусАқтөбе" ЖШС компаниясының автобустарға электрондық билеттендіруді енгізу және “Қазақтелеком” АҚ-ның бейнебақылау енгізу бойынша жобалардың таныстырылымына қатысты. “Автопарк” ЖШС басшылығы облыс әкіміне жүйенің жолаушылар үшін үнемділігі мен ыңғайлылығын түсіндірді. Бұған дейін, Атырау, Семей қалаларына электрондық жүйені енгізуде тәжірибесі бар мердігер мекеме төлем карталарды әртүрлі әлеуметтік топтарға бөліп, жеңілдіктер қарастырған. Сонымен қатар, жолаушы ұялы телефон қосымшасы арқылы қажетті автобустың қай аялдамада келе жатқандығын білуге мүмкіндігі болады. . “Қазақтелеком” АҚ қоғамдық көліктерге бейне бақылау жүйелерін енгізуге ниетті. Сондай-ақ, көпшілікке аялдамалар, масканы тағу туралы ескертпелер автоматтандырылған дыбыстар арқылы хабарландырылмақ. Цифрландыруға арналған жаңа жоба үлкен монитор арқылы орталықтан басқарлып, қауіпсіздіктің алдын алуға септігін тигізеді. Оңдасын Оразалин қала әкіміне халыққа тиімді болатын жоба туралы ұсыныс әзірлеуді тапсырды.
Бұдан соң, аймақ басшысы “Достық” су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде болып, жүзуден ерлер арасындағы ҚР чемпионатын тамашалады. Брасс стилі бойынша 200 метр ұзындықта жүзіп, 1 орынды алған Дмитрий Баландин, 2-орын Нұрдәулет Жұмағалиев, 3-орын Константин Корлольковтарға алтын, күміс, қола жүлделерін табыстады.
Оңдасын Оразалин №72 жалпы білім беретін орта IT мектеп-лицейіндегі “Мектептің қауіпсіздік жүйесі және цифрландыру” жобасымен танысты. Жоба жетекшісі Әсел Донец оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған “Турникет” жұмысын көрсетті. Құрылғы арқылы әрбір ата-ана смс хабарламадан баланың мектепке келуі, кетуі жайлы ақпаратты біліп отырады. Сонымен қатар, оқушыларға білезік пен әлеуметтік карта беріледі. Әлеуметтік карта арқылы мектеп асханасына және автобуста төлем жасауға мүмкіндік қарастырылған. “Мектебім” қосымшасы арқылы баланың білімін, тәртібін, денсаулығы, асхана мәзірі жайында ақпаратпен танысуға болады. Жаңа жүйе аталған мектепке Ақтөбе бойынша алғаш болып, пилоттық жоба ретінде енгізілген. Құны 35 млн тг құрайды.
Өңір басшысы қыс мезгілінде қар тазалаумен айналысушы мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Ақтөбе қаласында бұл жұмыстарды әзірше «Агрофирма Коквест, «Financial World» «Автолайн Актобе», «Ерхат Жолдары», «Ақжол ЛТД», «БошанТранс Авто», «3Q Universall» ЖШС 7 компания атқаруда. Мердігерлер облыс әкіміне жұмысшылардың жеткілікті екендігін айтып, тізбектелген техникаларын көрсетті. Алайда, Оңдасын Оразалин өткен жылы халық сенімінен шығып қалған компания басшыларына көзбояушылықтан гөрі жұмысты нақты іспен дәлелдеу қажеттігін айтты.
“Жолдарды қардан тазалаудан бөлек, тротуарлардың да жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болғандығы қажет. Қыс басталмай жатып жарақат алғандар туралы ақпарат бар. Сапасыз жұмыстарымен көзге түсетін мердігерлермен тез арада қоштасуға тура келеді. Сондықтан өткен жылғы жағдай қайталанбауы тиіс”,- деді өңір басшысы. Айтып өтейік, желтоқсан айында мердігер мекемелерді іріктеу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өтеді. Аталған компаниялардың орындары өзге мердігерлермен өзгеруі де мүмкін.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі