Ақтөбе қоржынына 5 алтын, 1 қола: Асхат Шахаров әлемдік дода жүлдегерлерін қабылдады

Ақтөбе қоржынына 5 алтын, 1 қола: Асхат Шахаров әлемдік дода жүлдегерлерін қабылдады

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеңіс тұғырынан көрінген өңір спортшыларын қабылдады.

Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен дүбірлі додада Қазақстан құрамасы сапында Ақтөбе облысының 8 спортшысы өнер көрсетті. Оның төртеуі жүлделі орындарға ие болып, өңір қоржынына 6 медаль салды. Оның ішінде 5 алтын және 1 қола медаль бар. Атап айтқанда, аударыспақтан Кәрім Нұрталап 60 келі салмақ дәрежесінде алтын жүлде иеленсе, Нұржан Еркінұлы +100 келіде қола жүлдегер атанды. Мангала бойынша Азамат Қайдаров, тоғызқұмалақтан Мөлдір Серікқызы жеке сында бірінші орын алып, командалық есепте де алтын жүлдеге ие болды. Осылайша, қос спортшы екі алтын медальден еншіледі.

Басқосуда облыс әкімі спортшыларға туған жердің және елдің абыройын асқақтатқан еңбектері үшін ризашылығын білдірді. Олардың жетістігі тынымсыз еңбек пен табандылықтың нәтижесі екенін атап өтті.

«Дүниежүзілік көшпенділік ойындарында қол жеткізген Сіздердің әрбір жеңістеріңіз – өздеріңіз үшін ғана емес, туған жеріміз бен тұтас еліміз үшін үлкен мәртебе. Қоржынымызға түскен 5 алтын және 1 қола медаль жай ғана статистика емес, бұл – тынымсыз еңбек, темірдей тәртіп, табандылық пен төзімнің нақты нәтижесі. Ақтөбенің абыройын асқақтатып, ел намысын биікте қорғағандарыңыз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін», – деді Асхат Шахаров.

Өңір басшысы облыста спорт инфрақұрылымын дамыту және спортшыларға қажетті жағдай жасауға жүйелі қолдау жалғасатынын жеткізді.

Жиын соңында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлері Құрмет грамоталарымен марапатталып, қаржылай сыйақыға ие болды.

«Біз Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Мемлекет басшысының, елдің қолдауын сезіндік. Қазақстан намысын абыроймен алып шықтық деп ойлаймын. Бізді қолдаған барша отандасқа мың алғыс», - деді Азамат Қайдаров.

Асхат Шахаров спортшыларға алдағы жарыстарда жаңа жеңістер тілеп, Қазақстанның көк Туын әлемдік ареналарда әлі талай мәрте биіктен желбірететініне сенім білдірді.

Айтып өтейік, 12 қыркүйек күні Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Ел мерейін асырған ақтөбелік спортшылар да жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Тоғызқұмалақтан жеңімпаз атанған Мөлдір Серікқызы және мангала спортынан жеңімпаз Азамат Қайдаров «Құрмет» ордендерімен, аударыспақтан жеңімпаз Нұрталап Кәрім «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталса, аударыспақтан жүлдегер атанған Нұржан Еркінұлы Мемлекет басшысының Алғыс хатын иеленді.