
Жоба республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асырылып, Ақтөбе тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа демалыс орнын құруды көздейді.
Өңір басшысы Асхат Шахаровқа «Садовое» тұрғын алабы маңында орналасқан экосаябақты абаттандыру жоспары таныстырылды.
Саябақтың аумағы - жалпы көлемі 8 гектар. «Бақыт Құрылыс ЛТД» ЖШС мердігер ұйымы аумақты тазалап, қоқысты шығару жұмыстарын аяқтады. Қазіргі таңда жаяу жүргіншілерге арналған соқпақтар, от жағатын орын және кіреберіс аймағы абаттандырылуда. Жұмыстар 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
«Президент экосаябақтар құру және тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктерді қалыптастырудың маңыздылығын үнемі айтып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жүргізу кезінде аумақты абаттандырып қана қоймай, оның табиғи ландшафтын барынша сақтау қажет. Экопарк тұрғындар үшін табиғат аясында уақыт өткізуге, серуендеуге және отбасымен демалуға қолайлы әрі қауіпсіз орынға айналуы тиіс. Жұмыстар аяқталғаннан кейін бұл аумақ тұрғындар үшін тағы бір тартымды демалыс орны болады деп сенемін», – деді Асхат Шахаров.
Экосаябақ тұжырымдамасы қоршаған табиғатты барынша ұқыпты сақтауды көздейді. Аумақты абаттандыру барысында қолданыстағы ағаштар мен жер бедері сақталады. Асфальт пен тротуарлық плитаның орнына экологиялық таза материалдар – ағаш төсемдер, табиғи тас және өзеннің малтатасы пайдаланылады.
Саябақта барбекю және от жағуға арналған орындар, балалар алаңы, воркаут аймағы, сәкілер, демалыс орындары жоспарланған. Сонымен қатар лаунж-аймақ пен ағаш пен тастан жасалған арт-нысандар қарастырылған.