
Жергілікті кәсіпкер 10 жылдан астам уақыт бос тұрған бұрынғы АЗНТ зауытының ғимаратын сатып алып, мұнда полипропилен қаптамаларын өндіру көлемін арттыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«FIBC Kazakhstan» ЖШС 2019 жылы индустриялық аймақта іске қосылған. Кәсіпорын ірі тонналық полипропилен қаптамаларын, теміржол вагондарына арналған қаптамалар, биг-бэгтер, тенттер, строптар және полипропилен таспасын шығарады. Сонымен қатар Қазақстанда алғашқылардың бірі болып SML технологиясы негізінде мультифиламентті жіп өндірісін іске қосқан.
Өндіріс көлемін ұлғайту және сұранысты қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкер бұрынғы АЗНТ зауытының ғимаратын сатып алып, өндірістік алаңды кеңейтуге кірісті.
Жаңа өндірістік алаңдарды іске қосу өнім көлемін арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Бүгінде кәсіпорында 150-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндірістік қуаты айына 540 тоннаға дейін дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Асхат Шахаров кәсіпорын жұмысымен танысты.
Аймақ басшысы өндірістік қуатты кезең-кезеңімен арттырып, жаңа өндірістік алаңды тиімді пайдалану керектігін алға тартты. Сонымен қатар қосымша жұмыс орындарын ашу және кәсіпорынның өңір экономикасына үлесін арттыруға бағытталған жұмыстарды жандандыру да аса маңызды.