Ақтөбеде Қазақстанның және шетелдің жетекші хирургтары заманауи емдеу тәсілдері мен хирургияны дамыту мәселелерін талқылады

Ақтөбеде Қазақстанның және шетелдің жетекші хирургтары заманауи емдеу тәсілдері мен хирургияны дамыту мәселелерін талқылады

 

Ақтөбеде «Заманауи хирургияның өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысына Қазақстанның жетекші хирургтары, ғалымдары мен медицина қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ Беларусь, Түркия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген мамандар қатысты.

Конференцияның ашылу рәсімінде алғы сөз алған Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров хирургияны дамыту заманауи технологиялар мен медициналық құрал-жабдықтармен қатар, білікті мамандар даярлауды да талап ететінін алға тартты.

«Бүгінгі басқосу – тәжірибе алмасатын кезекті жиын ғана емес, хирургия саласының бүгінгі ахуалын саралап, оның болашағына қатысты нақты бағыттарды айқындайтын маңызды кәсіби алаң деп білемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау жүйесін дамытуға аса көңіл бөлінуде. Соңғы үш жылда Ақтөбе облысында осы салаға 20,3 млрд теңге бағытталып, 40 медициналық нысан салынды, тағы 40 ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді. Өңір үшін хирургиялық қызметті дамыту, заманауи технологияларды енгізу, мамандардың біліктілігін арттыру және медициналық көмектің сапасын қамтамасыз ету ерекше маңызға ие. Облыс стационарларында жыл сайын шамамен 50 мың пациентке хирургиялық көмек көрсетіліп, 12 мыңнан астам операция жасалады. Медициналық кадрларды даярлау мен ғылымды дамытуда Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің маңызы зор. Ал халықаралық ынтымақтастық дәрігерлерімізге шетелдік озық тәжірибені меңгеруге мүмкіндік береді. Бүгін Ақтөбеге жиналған Қазақстанның жетекші хирургтары мен шетелдік мамандардың кәсіби тәжірибесі өңірдегі хирургиялық қызметті одан әрі дамытуға жаңа серпін беретініне сенімдімін», – деді Асхат Шахаров құттықтау сөзінде.

Конференция аясында медицина мен хирургия саласының дамуына елеулі үлес қосқан мамандарды марапаттау рәсімі өтті. «Ақтөбе облысының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен «Башкент» университетінің профессоры Мехмет Хаберал (Түркия), академиктер мен профессорлар Жақсылық Досқалиев пен Болатбек Баймаханов, профессор Сәлім Беркімбаев, сондай-ақ медицина ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Сабыр марапатталды.

Ақтөбе облысы әкімінің Құрмет грамотасымен Қазақстан мен шетелден келген тағы он маман марапатталды. Олардың қатарында Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь елдерінен, сондай-ақ Астана, Алматы, Семей, Қызылорда және Тараз қалаларынан келген белгілі хирургтар мен ғалымдар бар. Марапаттар хирургиялық қызметті, медициналық ғылымды, халықаралық ынтымақтастықты және ғылыми-практикалық байланысты дамытуға қосқан үлесі үшін табысталды.

Конференцияның негізгі бағдарламасы пленарлық отырыстармен жалғасты. Бір алаңда хирургия, трансплантология, онкология, қан тамырлары және кардиохирургия салаларының мамандары бас қосты. Олар кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, заманауи жетістіктер мен ғылыми әзірлемелерді таныстырды. Сондай-ақ хирургиялық қызметті одан әрі дамыту және медициналық тәжірибеге жаңа тәсілдерді енгізу мәселелерін талқылады.

Іс-шараға Сеул ұлттық университетінің профессоры Кванг Вунг Ли де онлайн форматта қатысты. Ол бұған дейін қазақстандық мамандармен трансплантология саласында бірлесіп жұмыс істеген. Өз сөзінде профессор дәрігерлер арасындағы халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар хирургиялық көмекті жетілдіру, мамандардың кәсіби құзыреттерін дамыту және заманауи медициналық технологияларды енгізуге қатысты алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады. Мұндай кездесулер кәсіби байланыстарды нығайтып, өңірдегі хирургиялық қызметті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.