Ақтөбе облысы Түркияның «Башкент» университетімен медицина саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Ақтөбе облысы Түркияның «Башкент» университетімен медицина саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров «Башкент» университетінің өкілдерін қабылдап, денсаулық сақтау және медициналық білім беру салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Аймақ басшысы тәжірибе алмасу және медицина кадрларын даярлауда заманауи тәсілдерді енгізудің маңыздылығын атап өтті.

«Біз үшін жетекші шетелдік медициналық ұйымдар және университеттермен ынтымақтастықты дамыту аса маңызды. Мұндай білім және тәжірибе алмасу мамандарымыздың біліктілігін арттыруға, диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін енгізуге және ең бастысы, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Асхат Шахаров.

Өз кезегінде «Башкент» университетінің профессоры Йылдырым Седат тараптар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттілігін сөз етіп, түркиялық мамандардың тәжірибесі мен білімін Ақтөбе облысының медицина қауымдастығымен бөлісуге әзір екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат медициналық білім беру, мамандардың біліктілігін арттыру және кәсіби тәжірибе алмасу бағыттарындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.

Меморандум онкология, онкогематология, гематология, акушерия және гинекология, мейіргер ісі және трансплантология сияқты бірқатар басым бағыт бойынша ынтымақтастықты көздейді.

Келісімдер аясында Ақтөбе облысының мамандары Түркиядағы «Башкент» университетінде білім алып, біліктілігін арттыра алады. Сондай-ақ түркиялық мамандардың Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті мен өңірдің медициналық ұйымдарының базасында көшпелі білім беру циклдерін өткізуі жоспарлануда.

Академиялық кадрларды даярлауға да баса назар аударылды. Университеттің бейінді кафедраларының қызметкерлері кәсіби біліктілігін арттырып, шетелдік әріптестерінің тәжірибесін меңгере алады.

Меморандумға «Башкент» университетінің профессоры Йылдырым Седат, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев және Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Талғар Әбілов қол қойды.

Тараптар бұл ынтымақтастық медициналық білім беруді дамытуға, өңірдің кадрлық әлеуетін нығайтуға және Ақтөбе облысының денсаулық сақтау жүйесіне озық халықаралық тәжірибелерді енгізуге ықпал ететінін алға тартты.

Өңір үшін медицина саласындағы халықаралық серіктестікті дамыту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Мамандарды жетекші шетелдік орталықтарда оқыту және тәжірибе алмасу дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін жетілдіруге, сондай-ақ заманауи денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2023–2026 жылдары денсаулық сақтау саласына 20,3 млрд теңге бағытталды. Осы кезеңде облыста 40 медициналық нысан салынды, тағы 40 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Жалпы құны 13,7 млрд теңгені құрайтын 1065 медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Медициналық ұйымдардың құрал-жабдықтармен қамтылу деңгейі 95,8 пайыздан 96,6 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар жедел медициналық жәрдем қызметі 73 жаңа автокөлікпен толықты.