
Ақтөбе облысының Қарғалы ауданы Бадамша ауылындағы емханаға жапсарлас салынған төрт қабатты аудандық диагностикалық орталық пайдалануға берілді. Жаңа нысанның іске қосылуы аудан тұрғындарына облыс орталығына бармай, тұрғылықты жерінде медициналық тексерулерден өтуге мүмкіндік береді.
Бадамшада 54 төсек-орны бар аудандық аурухана, тәулігіне 1 мыңға дейін келушіні қабылдауға қауқарлы емхана және алты дәрігерлік амбулатория пен жеті медициналық пункт қызмет көрсетеді.
Аудандық емхана ғимараты 55 жыл бұрын салынған. 2010 жылы ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілгенімен, уақыт өте келе медициналық қызмет көрсетуге қойылатын заманауи талаптарға сай жаңа нысанға қажеттілік туындаған.
«Қарғалы аудандық емханасының ғимараты 1971 жылы салынған. Ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілгенімен, уақыт өте келе заманауи медициналық қызмет көрсету үшін жаңа нысан қажет болды. 2025 жылы ақпанда ауданымызға жұмыс сапарымен келген Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровқа медицина саласының өкілдері жаңа диагностикалық нысан салу туралы ұсыныс білдірген еді. Ұсыныс қолдау тауып, сол жылдың маусым айында құрылыс жұмыстары басталды. Міне, бүгін жаңа орталық халық игілігіне тапсырылды. Енді аудан тұрғындары қажетті диагностикалық тексерулерден бір жерде өтіп, ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік алады. Бұл – медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы маңызды қадам», – деді Қарғалы аудандық ауруханасының бас дәрігері Еркебұлан Әбдіғалиев.
Жаңа орталықта ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ), фиброгастродуоденоскопия (ФГДС), электрокардиография (ЭКГ), маммография, флюорография және рентгенодиагностика кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар биохимиялық зерттеулер жүргізуге арналған кабинеттер қарастырылған.
Ғимараттың ашылу рәсіміне Қарғалы ауданының әкімі Нұрлыбек Унербаев, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев, «Степное» ЖШС басшысы, Қазақстан Республикасының «Еңбек Ері» Аманғос Төлеуов, медицина қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
«Бүгін біздің ауыл үшін өте үлкен қуаныш. Себебі 71 жылдан бері ауылымызда жаңа ғимарат салынбаған еді. Бүгін, міне, халықтың игілігіне, денсаулығына қызмет ететін осындай жақсы нысанның ашылуына келіп отырмыз. Бұл жаңалыққа ауыл халқы ғана емес, бүкіл Қарғалы халқы қуанып отыр. Ғимараттың құрылысы басталғаннан бері «біздің ауылда да осындай жақсы нысан салынып жатыр» деп қуанып жүрдік. Бүгін сол еңбектің нәтижесін көріп, ашылу салтанатына қатысып отырғанымызға ризамыз. Біздің ауылымызбен қатар, Степной ауылында да заманауи, әдемі амбулатория салынды. Ауыл тұрғындарына осындай жағдай жасап жатқан мемлекетімізге, Президентке алғысымыз шексіз», - деді Қазақстанның Еңбек Ері Аманғос Төлеуов.
Ақтөбе облысында Мемлекет басшысының ауылдық денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі ұлттық бағдарламаны іске асыру тапсырмасы аясында ауылдық елді мекендерде 29 медициналық нысан сәтті жүзеге асырылды. Сонымен қатар қазіргі уақытта үш ауданаралық аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Олардың барлығын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.