Ақтөбеде Тұңғыш Президент күні аталып өтті

Ақтөбеде Тұңғыш Президент күні аталып өтті
 
Жұма, 27 қараша күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Тұңғыш Президент күніне арналған «Елбасы мәртебесі – ел мерейі!» шарасына қатысты. Аймақ басшысы ақтөбеліктерді айтулы мерекемен құттықтай отырып, Елбасының қазақ елі үшін сіңірген еңбектеріне тоқталды..
“Еліміздің әрбір қол жеткізген жетістігі мен табысы Елбасының есімімен тікелей байланысты. Қазақстанның күллі өңірлері жасампаз еңбектің жемісі, алып құрылыс алаңына айналды. Ең алғаш тәуелсіздігімізді мойындаған бауырлас Түркияның президенті Тұрғыт Өзал кезінде «Нұрсұлтан Назарбаевтай басшысы бар Қазақ Елі бақытты» деген еді. Осындай тұлғаның дуалы аузынан шыққан сөз жайдан-жай айтылмаса керек. Өйткені әлемдік қауымдастықта ойып алар өзіндік орны бар алпауыт мемлекеттің басшысы тек танымал саясаткер ғана емес, сонымен бірге түбі бір түркі халықтарының шынайы жанашыры еді. Ендеше өткенімізді саралап, барымызды бағалау, болашақ ұрпаққа көрсетер теңдессіз үлгі болмақ”,-деді Оңдасын Оразалин.
Облыс әкімі өңірдің саяси- әлеуметтік, мәдени дамуына қосқан үлестері үшін профессор Амангелді Айталы, Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов, Қарғалы ауданының әкімі Асқар Жүсібәлиев, “Ақтөбе” ӘКК» басқармасының төрағасы Ермек Имантаев, «Невада-Семей» ХАҚ Батыс Қазақстан аймағы филиалының директоры Ізімғали Көбенов жалпы 13 азаматты “Қазақстан Конституциясына 25 жыл” мерекелік медалімен марапаттады.
Сондай-ақ, аймақтағы «ТНК «Казхром» АҚ президенті Арман Есенжолов, «Актюбинская медная компания» ЖШС-нің кадрлық саясат жөніндегі бас директорының орынбасары Аубакер Есиналин, «Максимус» ЖШС кеңесшісі Амангелді Майтеков сынды 10 азаматқа қайырымдылық шараларға қосқан үлестері үшін «Жомарт жүрек» медалін табыстады.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі