
Ақтөбе облысында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлік жобалардың өндірістік қуаты артып, жаңа жұмыс орындары құрылып жатыр.
Ақтөбе облысында кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау нақты жобалардың іске қосылып, өндіріс көлемін ұлғайтуына және жаңа жұмыс орындарын ашуына мүмкіндік беріп отыр. Э
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланып отырған «Aktobe Med Service» ЖШС-нің «ERKEMED» медициналық орталығы мен «Euro Plast Company» ЖШС-нің пластикалық конструкциялар өндіретін цехына барды.
432 млн теңге инвестицияланған «ERKEMED» медициналық орталығы субсидиялау және кепілдендіру тетіктері арқылы мемлекеттік қолдау алған. Қазіргі таңда медициналық орталық тұрғындарға сұранысқа ие қызметтер көрсетіп, заманауи медициналық көмек ұсынуда.
Ал «Euro Plast Company» ЖШС пластикалық конструкциялар өндіретін цехын дамытуға 180 млн теңге инвестициялаған. Кәсіпорын 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында мемлекеттік қолдау шараларына ие болған.
Жұмыс сапары кезінде кәсіпкерлер өндірістік қуаттылықтары, өнім көлемі, құрылған жұмыс орындары және алдағы даму жоспарлары туралы баяндады.
«Мемлекеттік қолдаудың негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге дайын жоба ұсынумен ғана шектелмей, өндірісті кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрақты бизнесті дамытуға мүмкіндік беру. Бүгінде қолдау алған жобалардың нәтижесін нақты жұмыс істеп тұрған нысандардан көріп отырмыз», – деді Досжан Әлібеков.
Соңғы үш жылда Ақтөбе облысында 4 497 жоба мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Осы жобаларды іске асыруға 41,7 млрд теңге бағытталды.
Кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы жұмыс биыл да жалғасуда. 2026 жылы «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында білім беру, денсаулық сақтау, жүк тасымалы және қызмет көрсету салаларындағы жобаларды жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылған. Бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінді.
Өңірде мемлекеттік қолдау құралдарын қолжетімді ету және олардың тиімділігін арттыру арқылы жаңа кәсіпкерлік жобаларды іске қосу, жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және шағын әрі орта бизнестің экономикадағы үлесін арттыру жұмыстары жалғасады.