
2026 жылдың 26 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Жоғары мемлекеттік наградаға ие болғандардың қатарында Ақтөбе облысының педагогі Жанар Жұмахметова да бар.
Білім беру саласындағы аса үздік жетістіктері және мемлекет алдындағы айырықша еңбегі үшін Әйтеке би ауданындағы Комсомол жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Бейбітқызы Жұмахметоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.
Бұл жоғары марапаттың артында мектепке, шәкірттеріне және сүйікті кәсібіне арнаған 24 жылдық табанды еңбек жатыр.
Жанар Жұмахметова — жоғары білімді, педагог-зерттеуші, тәжірибелі ұстаз әрі білікті басшы. Ол кәсіби ғұмырының елеулі бөлігін туған ауданындағы білім саласын дамытуға арнап келеді.
Еңбек жолын 2000 жылы М.Жұмабаев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2003–2007 жылдары Комсомол орта мектебінде, ал 2007–2011 жылдары Талдысай орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарды.
2011 жылдан бері Жанар Бейбітқызы Комсомол орта мектебінде еңбек етіп келеді. Мұнда ол ұстаздық қызметімен қатар, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде де жауапты міндет атқарады.
Оның кәсіби жолы — күнделікті қажырлы еңбек, шәкіртке бағыт-бағдар беру, жас ұрпаққа қамқорлық таныту мен ұстаздыққа адалдықтың жарқын үлгісі. Ұстаз үшін мектеп — жай ғана жұмыс орны емес, білім мен тәрбиенің, баланың тұлға болып қалыптасуының маңызды ортасы.
Жоғары мемлекеттік марапат — педагогтің көп жылғы еңбегіне, білім беру саласына қосқан үлесіне және Ақтөбе облысының білім жүйесін дамытуға сіңірген қызметіне берілген лайықты баға.