Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасында гастроэнтерология және нефрология бөлімшелері ашылды

Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасында гастроэнтерология және нефрология бөлімшелері ашылды

 

Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасында гастроэнтерология және нефрология бөлімшелері жұмысын бастады. Жаңа бөлімшелердің ашылуы — өңірдегі медициналық көмектің мамандандырылған түрлерін жаңғыртуға бағытталған реновация жобасының кезекті кезеңі.

Жаңа бөлімшелер асқазан-ішек жолдары мен бүйрек ауруларына шалдыққан пациенттерге заманауи диагностика, емдеу және динамикалық бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Палаталар мен медициналық инфрақұрылым жаңартылып, пациенттерге жайлы жағдай жасалған.

Жоба ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің облыстық ауруханаларды реновациялау бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты — медициналық көмектің сапасын арттырып қана қоймай, күрделі ауруларды облыс ішінде диагностикалау және емдеу мүмкіндіктерін кеңейту.

Бұл — ауруханада жүргізіліп жатқан жаңғыртудың алғашқы нәтижесі емес, 2026 жылдың қаңтарында мұнда 16 төсекке арналған ревматология бөлімшесі ашылды. Сонымен қатар медициналық ұйымда Телемедицина орталығы жұмыс істейді, ал радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру үшін PACS жүйесі енгізілген. Госпитальдық фармация бөлімшесі 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Жаңғыртудың тиімділігі аурухананың нақты көрсеткіштерінен де байқалады. 2026 жылдың алғашқы алты айында стационарлық ем алғандар саны 10 809 пациентке жетті. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,48 пайызға көп.

Ал тәулік бойы жұмыс істейтін стационардың терапиялық бөлімшелеріне госпитализация көлемі 7,5 пайызға артқан.

«Реновацияның басты нәтижесі — жаңарған қабырға немесе жаңа жабдық емес, тұрғынның сапалы медициналық көмекті өз өңірінде алу мүмкіндігі. Жаңа бөлімшелердің іске қосылуы мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттырып, диагностика мен емдеу мүмкіндіктерін кеңейтеді», — деп атап өтті Ақтөбе облыстық көпсалалы аурухананың басшысы Қайрат Жетібаев.

Алдағы уақытта реновация жобасы аясында аурухананың медициналық инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңарту жалғасады. Бұл - облыс тұрғындары үшін заманауи медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.