
Әйтеке би ауданындағы Жабасақ ауылы табиғи газға қосылды.
«Ауылға газ келеді» деген көптен күткен жаңалық енді нақты іске айналды. Бұған дейін отын мәселесін шешу үшін түрлі тәсілдерді пайдаланған 109 ауладағы 534 тұрғын табиғи газдың игілігін көре бастайды. Бұл ең алдымен ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп, үйлерді жылытуға кететін уақыт пен шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Жоба аясында ауылға 43 шақырым жеткізуші және 12,6 шақырым ауылішілік газ құбыры тартылды. Құрылыс жұмыстарын «АСК-7 НС» ЖШС атқарды. Жобаның тапсырыс берушісі – Әйтеке би аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.
Жабасақтың газға қосылуы – Әйтеке би ауданын газдандыру бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Бүгінде аудандағы 27 елді мекеннің 21-і табиғи газбен қамтылған. Газдандыру деңгейі 94,2 пайызға жетті.
Ауылдың инженерлік инфрақұрылымымен қатар, жол сапасына да көңіл бөлінуде. Жабасаққа апаратын автожолдың 47–60 шақырым аралығындағы 13 шақырымдық учаскесі орташа жөндеуден өтті. Жөндеу барысында жолдың асфальт жабындысы толық жаңартылды. Жұмыстарды «Нұрлы Жол-7» ЖШС жүргізді.
Автожолдың 23–35 және 35–47 шақырым аралығындағы учаскелерін жөндеу алдағы уақытта жоспарланып отыр.
Табиғи газдың берілуіне орай ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Данияр Тоғызбаев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Дәулетов, ауыл тұрғындары мен ел ағалары қатысты.
Жабасақтағы бүгінгі өзгеріс – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты жұмыстың нәтижесі. Табиғи газдың берілуі елді мекеннің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және ауылдың одан әрі өркендеуіне жаңа мүмкіндік береді.