
Заманауи қалалық инфрақұрылымның дамуына байланысты лифт және эскалатор жабдықтарының сенімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ете алатын білікті мамандарға сұраныс артып келеді. Осыған байланысты 2026–2027 оқу жылынан бастап Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінде «Лифт шаруашылығы және эскалаторлар» мамандығы бойынша мамандар даярлау басталады.
Жаңа мамандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, сауда және өндірістік инфрақұрылым салаларына қажетті кадрларды даярлауға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы мамандар лифттер мен эскалаторларды монтаждау, техникалық қызмет көрсету, жөндеу және диагностикалаумен айналыса алады.
Жаңа оқу жылында мамандар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 45 орын қарастырылған: оның 20-сы — 9-сынып түлектеріне, 25-і — 11-сынып түлектеріне арналған. Жаңа бағытқа талапкерлер тарапынан қызығушылық жоғары — бүгінгі таңда 25 өтініш қабылданды.
Оқу барысында білім алушылар электр техникасы, автоматтандырылған басқару жүйелері, техникалық диагностика, ақауларды анықтау және жою әдістерін меңгереді. Сондай-ақ жабдықтармен жұмыс істеу кезіндегі еңбек қауіпсіздігі талаптарына ерекше көңіл бөлінеді. Практикалық дайындық оқу процесінің маңызды бөлігі болады. Колледж оқытушыларымен қатар, білім алушыларды оқытуға өндірістен тәжірибелі мамандар тартылады. Бұл студенттерге практикалық дағдыларды меңгеріп, болашақ кәсіби қызметінің нақты жағдайларымен танысуға мүмкіндік береді.
Оқуды аяқтағаннан кейін түлектер техник-механик біліктілігін алады. Олар тұрғын үй кешендерінде, сауда және бизнес орталықтарында, өндірістік нысандарда, сондай-ақ лифттер мен эскалаторларды монтаждау, жөндеу және техникалық қызмет көрсетумен айналысатын ұйымдарда жұмыс істей алады.