Ақтөбеде Глеб Щегельскийдің құрметіне мемориалды тақта орнатылды

Ақтөбеде Глеб Щегельскийдің құрметіне мемориалды тақта орнатылды
Сәрсенбі, 25 қараша күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский білім алған № 11 жалпы орта мектеп-гимназиясында болды. Аймақ басшысы халық қалаулысының құрметіне қойылған мемориалды тақтайшаның ашылу рәсіміне қатысты. Шараға облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімі сондай-ақ Глеб Щегелскийдің туыстары, ұстаздар қатысты. Оңдасын Оразалин есімі ел есінде қалған азаматтың Ақтөбе өңіріне сіңірген еңбектерін кеңінен атап өтті.
“Арамыздан ерте кеткен Глеб Щегелскийдің Ақтөбе облысы үшін сіңірген еңбегі зор, Парламент депутаты ретінде өзекті мәселелерді көтере отырып, проблемалардың оңды шешілуіне ықпал етті. Қаладағы бірқатар ірі құрылыс нысандарының бой көтеруіне бірден- бір себепкер болды. Адамдық қасиеті жоғары, табиғатынан ерекше тұлға еді”,- деді Оңдасын Оразалин.
Глеб Щегелский Целиноград облысы, Степногорск қаласында дүниеге келген. 1991-1993 ж.ж - Ақтөбе ферроқорытпа зауытында балқытушы, инженер, “Қазақстантрубопром"ЖШС директоры, Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша техникалық реттеу және метрология департаментінің директоры қызметтерін атқарды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 2020 жылғы 17 қазан күні 51 жасқа қараған шағында көз жұмды.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі