
Спорт күніне орай Ақтөбе облысының спортшыларының жетістіктері атап өтіліп, өңірде дене шынықтыру мен спортты дамытуға үлес қосып жүрген сала мамандарына құрмет көрсетілді. Облыс әкімдігінде өткен кәсіби мерекеге арналған салтанатты шараға спорт саласының ардагерлері, жаттықтырушылар мен бейінді мекемелердің қызметкерлері қатысты.
Облыс әкімі Асхат Шахаров спорт саласының мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, бұқаралық спортты дамытуға, жас спортшыларды тәрбиелеуге және өңірдің республикалық әрі халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға қосып жүрген еңбектерін атап өтті.
«Ақтөбе облысы еліміздің көк туын әлемдік спорт ареналарында абыроймен көтеріп жүрген талай чемпионды тәрбиелеп шығарды. Биылдың өзінде облыс спортшылары әлем және Азия чемпионаттарында 10 медаль жеңіп алды. Оның ішінде үш алтын, үш күміс және төрт қола медаль бар.
Жетістікке жеткен спортшылардың қатарында грек-рим күресінен әлемнің екі дүркін, Азияның үш дүркін чемпионы Қуанышбек Жаңажол, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Әли және ересектер арасында дзюдодан Азия чемпионы Алмат Әділет бар.
Спортшылар, жаттықтырушылар мен сала мамандарының кәсібилігі мен табанды еңбегінің арқасында Ақтөбе облысы алдағы уақытта да республикалық және халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын лайықты қорғайтынына сенімдімін.
Бүгінгі басты міндетіміз – қол жеткізген нәтижелерді сақтап қана қоймай, әсіресе балалар мен жастардың спортпен айналысуына жаңа мүмкіндіктер жасау. Біз спорт инфрақұрылымын дамытуға, балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға және жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіруге жұмысты жалғастырамыз», – деді өңір басшысы.
Қазіргі таңда облыста 770 спорт нысаны жұмыс істейді. Халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 73,2 пайыз. Соңғы үш жылда өңірде 31 спорт нысаны салынды.
Биыл тағы алты нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Қуат» спорт кешені, грек-рим, еркін және әйелдер күресі орталығы, Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты базасындағы дзюдо орталығы, сондай-ақ Шалқар қаласындағы В. Цеханович атындағы спорт мектебі жанындағы спорт залы мен бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар.
Ақтөбе қаласында 34 980 көрерменге арналған жаңа футбол стадионы мен 5 мың орындық көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы жалғасып жатыр.
Бұдан бөлек, былтыр облыстың төрт ауданында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері ашылып, өскелең ұрпақтың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік кеңейді.
Салтанатты шара барысында марапаттау рәсімі де өтті. Салаға сіңірген көп жылғы еңбегі, кәсібилігі және спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін спорт саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің және облыс әкімінің медальдері, төсбелгілері, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.
Спорт саласындағы көпжылғы еңбегі мен кәсіби тәжірибесі үшін «Еңбек ардагері» медалімен ОБЖСМ «Футбол академиясы» директоры Сержан Даржанов пен «Алға» БЖСМ бокс ардагері Александр Лыпенко марапатталды.
Шарада сала ардагерлері де құттықтау сөз сөйлеп, дене шынықтыру мен спортты одан әрі дамыту, сондай-ақ жас ұрпақты спортқа баулудың маңыздылығын тілге тиек етті.