
Құны 35 млн еуроны құрайтын ірі инвестициялық жоба өңірде 300 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашып, жыл бойы көкөніс өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Заманауи жылыжай кешенінің құрылысын бастауға дайындық мәселелері Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімовтің компания өкілдерімен өткізген жұмыс кездесуі барысында талқыланды.
Жоба аясында жалпы аумағы 103 мың шаршы метрден асатын жоғары технологиялық жылыжай кешені салынады. Оның құрамына өндірістік блоктар, көшет өсіру бөлімшесі және көкөніс өнімдерін толық өндірістік циклмен өсіруге мүмкіндік беретін инженерлік-техникалық инфрақұрылым кіреді.
Кешен пайдалануға берілгеннен кейін 300 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жоба өңірдегі көкөніс өндірісінің көлемін арттыруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге, тұрғындарды жыл бойы жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Қазіргі уақытта нысанды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға дайындық жүргізілуде.
Жаңа жылыжай кешені Ақтөбе облысының агроөнеркәсіптік кешеніндегі ең ірі инвестициялық жобалардың біріне айналып, өңірге инвестиция тартуға және ауыл шаруашылығы саласының дамуына жаңа серпін береді.