
«Шұғыла» балаларды сауықтыру лагерінде төртінші жазғы ауысымға қатысушылардың басын қосқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау туралы дәстүрлі дәрістердің орнына оқушылар экологиялық бастамалардың тікелей қатысушысына айналып, алған білімдерін тәжірибе жүзінде бекітті.
Акция бағдарламасы төрт тақырыптық алаңда ұйымдастырылды. Бірінші алаңда балалар табиғатты қорғауға үндейтін экологиялық әндер орындады. Екінші алаңда қатысушылар қоршаған ортаның таза әрі қауіпсіз болуы туралы өз көзқарастарын плакаттар арқылы жеткізді. Үшінші алаңда командалық рух пен экологиялық тапсырмалар ұштасқан спорттық-экологиялық эстафета өтті.
Төртінші алаң ерекше қызығушылық тудырды. Ол тұрмыстық қалдықтарды қайта пайдалануға арналды. Оқушылар қарапайым пластик стақандардан сәндік бұйымдар, әшекейлер мен шамдар жасап, көптеген заттарға қоқысқа тастамай-ақ екінші өмір сыйлауға болатынын көрсетті. Осындай шығармашылық жұмыс балалардың қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеуге деген көзқарасын өзгертіп, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.
Экологиялық акция танымдық қана емес, балаларды бір мақсатқа жұмылдырған маңызды шараға айналды. Қатысушылар шығармашылық қабілеттерін шыңдап, командада жұмыс істеуді үйреніп, қоршаған ортаны қорғау әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын тағы бір мәрте түсінді.
Биыл жазда «Шұғыла» қала сыртындағы лагерінде алты маусымдық ауысым ұйымдастырылған. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында лагерьде бірінші ауысымда Ойыл және Байғанин аудандарының, екінші ауысымда Әйтеке би ауданының, үшінші ауысымда Темір ауданының, төртінші ауысымда Алға және Қарғалы аудандарының балалары демалуда. Келесі ауысымдарда лагерьде Ақтөбе қаласының оқушылары да тынығады.
Жазғы маусым барысында «Шұғыла» лагерінде облыстың түкпір-түкпірінен келген барлығы 706 бала демалады.