
Ресей Федерациясының Омбы қаласында Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумы өтті. Биылғы форум «Жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру: Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиегі» тақырыбына арналды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің төрағалығымен өткен форумның пленарлық отырысына Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысты.
Ресей Федерациясы - Ақтөбе облысының негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңір мен Ресей арасындағы сыртқы сауда айналымы 822,6 млн АҚШ доллары. Өзара ынтымақтастық өнеркәсіп, сауда, инвестиция және өндірістік кооперация бағыттарын қамтиды.
Экспорттың негізгі бөлігін тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінің өнімдері құраса, импорт құрылымында металл өнімдері, құрылыс материалдары, жабдықтар және халық тұтынатын тауарлар басым.
Сауда байланыстарымен қатар инвестициялық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Облыста өнеркәсіп саласында бірлескен жобалар жүзеге асырылып, тау-кен өндіру және химия өнеркәсібінде ресейлік капиталдың қатысуымен құрылған кәсіпорындар табысты жұмыс істеуде.
Форум аясында өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Осыған орай «Ишимбай машина жасау зауыты» АҚ мен «Сталлит» ЖШС арасында ұзақмерзімді стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат машина жасау және металл өңдеу салаларындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған.
Соңғы жылдары Ақтөбе және Омбы облыстары арасындағы ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Биылғы қаңтар–сәуір айларының қорытындысы бойынша екі өңір арасындағы тауар айналымы 1,7 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі – 939 мың АҚШ доллары, импорт көлемі – шамамен 800 мың АҚШ доллары.