Ақтөбе облысында оқушыларға атқа міну мен жылқыны күту дағдылары үйретілуде

Ақтөбе облысында оқушыларға атқа міну мен жылқыны күту дағдылары үйретілуде

 

Ақтөбе облысында биылғы жазда оқушылардың жан-жақты дамуына бағытталған жаңа білім беру жобалары жүзеге асырылуда. Жазғы демалыс кезінде балалар уақыттарын қызықты әрі пайдалы өткізіп қана қоймай, заманауи цифрлық технологияларды меңгеріп, экологиялық бастамаларға қатысып, алғашқы практикалық дағдыларды игеріп, ұлттық құндылықтармен танысуда.

Жазғы сауықтыру науқаны аясындағы ең ерекше жобалардың бірі – Қобда ауданындағы «Әлия» балалар сауықтыру лагерінің базасында жүзеге асырылып жатқан «ШАБАНДОЗ» жобасы. Бұл – өңірдегі оқушыларды атқа мінуге баулып, жылқы шаруашылығының негіздерін үйрететін әрі жылқыға дұрыс күтім жасауды меңгертетін алғашқы мамандандырылған алаң.

Жобаның мақсаты тек атқа мінуді үйретумен шектелмейді. Тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен қатысушылар жылқы жанында қауіпсіз жүріп-тұру ережелерін меңгереді, атты дұрыс ерттеуді, оған күтім жасауды, жануардың мінез-құлқы мен күтім ерекшеліктерін танып-білуді үйренеді. Осы арқылы оқушылар жылқының ерекше орны бар қазақ халқының бай мәдениеті мен ұлттық дәстүрлеріне жақындай түседі.

Тәжірибелік сабақтар арнайы жабдықталған ипподромда қауіпсіздік талаптарын толық сақтай отырып және медицина қызметкерінің тұрақты бақылауымен өткізіледі. Көптеген балалар үшін бұл – жылқымен алғаш рет жақын танысу мүмкіндігі. Мұндай тәжірибе олардың өзіне деген сенімін арттырып, жауапкершілікке, тәртіпке және жануарларға жанашырлықпен қарауға тәрбиелейді.

Лагерьдегі әр ауысым 10 күнге созылады. 1 маусым мен 14 тамыз аралығында өтетін жазғы маусымда жобаға Ақтөбе облысының барлық ауданынан 432 оқушы қатысады. Әр ауысымда лагерь 72 баланы қабылдайды. Олар алты жайлы ағаш үйге орналастырылған. Ұлдар мен қыздар бөлек орналасады. Балалардың жайлы демалуына барлық жағдай жасалған, ал олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне тәжірибелі тәрбиешілер мен медицина қызметкерлері жауап береді.

«ШАБАНДОЗ» жобасы тек атқа мінуді үйретумен ғана шектелмейді. Балалар үшін мазмұнды білім беру және демалыс бағдарламасы ұйымдастырылған. Олар қолөнермен, сурет салумен, сабын жасаумен айналысады, шахмат пен үстел теннисін ойнайды, спорттық жарыстарға, шығармашылық байқауларға, театрландырылған қойылымдарға, зияткерлік ойындарға және кешкі мәдени іс-шараларға қатысады. Осындай кешенді бағдарлама балалардың белсенді демалысын, шығармашылық қабілеттерін дамытуды және жаңа практикалық дағдыларды игеруін үйлестіре отырып, жазғы демалысты мазмұнды әрі есте қаларлықтай етеді.