
Ақтөбе облысында теміржол вокзалдарын жаңғырту жобалары белгіленген жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев Қандыағаш, Ембі, Шалқар, Алға қалалары, сондай-ақ Шұбарқұдық щжәне Қарауылкелді елді мекендеріндегі жаңғыртылып жатқан вокзалдардағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Нысандарда құрылыс жұмыстарының қарқыны, орындалу сапасы, өндірістік кестенің сақталуы және құрылыс материалдарымен қамтамасыз етілу мәселелері қаралды.
Тексеру барысында мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарын бекітілген мерзімде аяқтау, сапа талаптарын қатаң сақтау және анықталған ескертулерді жедел жою тапсырылды.
Асылбек Есенбаев теміржол вокзалдарын жаңғырту өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
«Вокзалдар тұрғындар мен өңір қонақтары үшін қауіпсіз, қолайлы әрі заманауи талаптарға толық сәйкес келуі тиіс. Барлық мердігердің алдында сапа мен мерзімді сақтау міндеті тұр, құрылыс жұмыстары - бақылауда», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жаңғырту нәтижесінде вокзал ғимараттары толық жаңартылып, инженерлік жүйелер заманауи стандарттарға сәйкестендіріледі. Сонымен қатар жолаушыларға қолайлы жағдай жасалып, мүгедектігі бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастырылады.