
Тиісті шешім облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында қабылданды.
Бұған дейін Ақтөбе облысында 2026–2027 оқу жылына жергілікті бюджет есебінен бөлінетін медициналық мамандарды даярлауға арналған 50 мемлекеттік білім беру гранты бөлінген еді. Оның ішінде 10 грант - бакалавриат, 40 грант - резидентураға қарастырылды.
Ал бұл жолғы комиссия отырысында 13–16 шілде аралығында еліміздің жоғары оқу орындары арасында жарияланған конкурс нәтижесі қаралды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аманжолованың сөзінше, конкурсқа бір ғана жоғары оқу орны қатысқан. Ол – Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті.
Аталған білім ордасы жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың негізгі өлшемшарттарына жауап береді.
«Университеттің заманауи оқу және клиникалық базасы, тәжірибелі профессор-оқытушылар құрамы өңірге қажетті дәрігерлерді сапалы даярлауға мүмкіндік береді», - дейді басқарма басшысының орынбасары.
Жергілікті бюджет есебінен бөлінетін грантқа ие болғандар оқуын аяқтағаннан кейін өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті түрде еңбек етуі тиіс.