Ақтөбе облысында өңірдің үздік тауар өндірушілері анықталды

Ақтөбе облысында өңірдің үздік тауар өндірушілері анықталды

Ақтөбеде «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының өңірлік кезеңі өтті. Байқау қорытындысы бойынша тоғыз жеңімпаз анықталып, олар жыл соңында Астанада өтетін республикалық кезеңде Ақтөбе облысының намысын қорғайды.

Көрменің ашылу рәсіміне Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин, даму институттары және бизнес қауымдастығы қатысты.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқау отандық кәсіпорындардың өз өнімдерінің сапасын таныстырып қана қоймай, жаңа іскерлік байланыстар орнатуына, әлеуетті серіктестер тауып, өткізу нарығын кеңейтуіне мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды.

Көрмеде өңірдің 30 кәсіпорны құрылыс индустриясы, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және басқа да салалардағы өнімдерін ұсынды. Келушілер отандық тауарлармен танысып қана қоймай, оларды өндіруші бағасымен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Байқау комиссиясының шешімімен жеңімпаздар үш номинация бойынша анықталды.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында жоғары тиімді әрі экологиялық қауіпсіз дыбыс оқшаулағыш материалдар шығаратын «КазТермоГрупп» ЖШС, машина жасау, мұнай-газ, энергетика және химия салаларына арналған өнім өндіретін «Alash engineering technology» ЖШС, сондай-ақ «Зерде-Керамика Ақтөбе» – Ақтөбе облысындағы керамикалық плитка мен керамогранит өндіретін ірі зауыт.

«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында әлемдік деңгейдегі материалдардан сапалы балалар киімін тігетін «Della Home» жеке кәсіпкерлігі, санитарлық-гигиеналық қағаз өнімдерін өндіруші «Lucrum Star» ЖШС және ұлттық нақыштағы орамалдары мен кәдесыйларымен танымал Ainel брендінің негізін қалаушы «Амандос Айнель» жеке кәсіпкерлігі үздіктер қатарынан көрінді.

«Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында ұн және макарон өнімдерін өндіретін «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС, QATYQ PREMIUM брендімен сүт өнімдерін шығаратын «Агрофирма «ТАУ» ЖШС және мұздатылған бидай өскінінің шырынын өндіріп, өнімін шетел нарығына экспорттап отырған «GREEN VITAMIN» ЖШС жеңімпаз деп танылды.

Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталып, республикалық кезеңге қатысу құқығы берілді.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірде өндірісті дамыту мен кәсіпкерлікті қолдау басты басымдықтардың бірі екенін айтты. Бүгінгі күні өңірімізде шағын және орта бизнес саласында 83,4 мың кәсіпкер тіркелсе, 78 мыңы тұрақты жұмыс істейді. Осы кәсіпкерлік субъектілерінде 173,2 мың адам жұмыспен қамтылып отыр.

«Отандық өндірісті дамыту, ішкі нарықты сапалы тауарлармен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық өнім өндірушілерді қолдау мен кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне назар аударып келеді. Өндірістік секторды күшейту, импортқа тәуелділікті азайту, әкімшілік кедергілерді жою, қаржылық қолдау тетіктерін кеңейту – әрдайым күн тәртібінде. Бүгінгі байқаудың басты мақсаты – ең үздіктерді анықтау ғана емес, сонымен қатар жас кәсіпкерлерге үлгі көрсету, отандық өнімге деген халықтың сенімін нығайту. «Қазақстанда жасалған» деген бренд сапа мен сенімнің символына айналуы тиіс. Ол үшін облысымызда барлық мүмкіндіктер мен мемлекеттік қолдау шаралары бар», - деп атап өтті аймақ басшысы.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин «Қазақстанның үздік тауары» байқауы отандық өндірушілерді қолдаудың маңызды тетігі екенін алға тартты.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов байқаудың кәсіпкерлер үшін нақты мүмкіндіктер беретін тиімді алаңға айналғанын сөз етті.

«Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауын 2014 жылдан бері өткізіп келеді. Осы уақыт ішінде оған өңірдің 200-ден астам кәсіпорны қатысты. Біздің тауар өндірушілер республикалық кезеңде бірнеше рет жеңімпаз атанып қана қоймай, одан да жоғары жетістіктерге жетті. Соның жарқын мысалы – «ПО Глобал-Спецодежда» компаниясы. Олар осы байқауға қатысқаннан кейін Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының, кейіннен ТМД сыйлығының лауреаты атанды. Бұл байқаудың отандық өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айқын көрсетеді. Палата алдағы уақытта да бизнес-климатты жақсарту, импортқа тәуелділікті азайту және жергілікті өндірушілерді қолдау бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді. Өйткені экономиканың қуаты - өз кәсіпкерлеріміз бен өз өнімдерімізде», - деп атап өтті өңірлік палата директоры.

Іс-шара аясында кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдау шараларына арналған панельдік сессия ұйымдастырылды. Онда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» АҚ және Әділет департаментінің өкілдері қаржыландыру құралдары, тауар белгілерін тіркеу және отандық өндірушілерді қолдау тетіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.

Сонымен қатар «Бір ауыл - бір өнім» өңірлік көрмесі өтті. Жоба жергілікті шикізаттан өндірілетін өнімдерді дамытуға, ауыл кәсіпкерлерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және өңірлік брендтерді қалыптастыруға бағытталған.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткізіледі.

Байқаудың негізгі мақсаты - отандық тауар өндірушілерді қолдау, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім өндіруді ынталандыру және «Қазақстанда жасалған» брендімен шығарылатын өнімдерді ішкі және сыртқы нарықтарда кеңінен таныту.

«Биыл компаниямызға - 10 жыл. Біздің өнімдеріміздің қатарында дәстүрлі қышқыл сүт өнімдері бар: айран, сүт, ірімшік, құрт және қаймақ. Ал бүгін «Қазақстанның үздік тауары» көрмесінде біз өзіміздің жаңа өніміміз — «Қатық Премиумды» таныстырудамыз. Бұл — термостаттық әдіспен пісірілген сүттен дайындалған ерекше өнім. Мұндай ұқыпты өндіру әдісі өнімнің бойындағы барлық пайдалы микроэлементтерді сақтауға мүмкіндік береді. Біздің салада бұл технологияны қолданатындар өте аз, сондықтан біз оны зауытымыздың авторлық әдісі деп санаймыз. Бұл байқауға қатысу бізге компаниямыздың имиджін көтеруге және тұтынушыларды өнімдерімізбен жақынырақ таныстыруға көмектеседі. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз!», — деді «Агрофирма Tau» ЖШС компаниясының маркетологі Әйгерім Тоқмурзина.