
Алға ауданындағы әлеуметтік, инфрақұрылымдық және өндірістік нысандарға өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспасөз туры ұйымдастырылды.
Журналистерге мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылып, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстарының барысы көрсетілді.
Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері Маржанбұлақ ауылындағы абаттандырылған бұлаққа барып, осы елді мекенде жаңадан салынған ауылдық дәрігерлік амбулатория және бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенімен танысты.
Сондай-ақ журналистер Бестамақ ауылындағы күрделі жөндеуден өткен балабақшаны, Алға қаласындағы Мәдениет үйін, жаңа скверді, Шоқан Уәлиханов көшесінің жөндеу жұмыстарын, көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жобасын және жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралады. Сонымен қатар баспасөз турына қатысушылар «Есет батыр Көкіұлы» мемориалдық кешенінде болды.