
Ақтөбе облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылына барып, табиғи сипаттағы қолайсыз жағдайлардан зардап шеккен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жай-күйін бағамдады.
Қазіргі таңда арнайы комиссия нысанға келтірілген шығын көлемін анықтау жұмыстарын жүргізуде. Бағалау аяқталғаннан кейін құрылысшылар дене шынықтыру-сауықтыру кешенін толық қалпына келтіру жұмыстарына кіріседі.
Басқарма басшысы балалардың спортпен тұрақты айналысуын қамтамасыз ету мақсатында қажетті шаралар қабылданғанын, Қарауылкелді ауылында жаттығатын спортшылар уақытша Байғанин ауданындағы спорт кешеніне ауыстырылғанын мәлімдеді.
Бассейннің уақытша пайдалануға жарамсыз болуына байланысты жаттықтырушылармен бірлесіп арнайы жоспар әзірленді. Соған сәйкес, жазғы демалыс кезеңінде жүзумен айналысатын спортшылардың оқу-жаттығу жұмыстары Ақтөбе қаласындағы бассейндерде жалғасады.
«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қалыптасқан жағдай толық бақылауда. Ең бастысы – балалардың жаттығу процесі тоқтамайды. Спорт кешені толық қалпына келтірілгенге дейін спортшылардың дайындықтарын үздіксіз жалғастыруы үшін барлық қажетті жағдай жасалады», - деді Мейрамбек Махамбетов.
Сапар барысында басқарма басшысы жаттықтырушылар және спорт ардагерлерімен кездесіп, алдағы жұмыстарды талқылады. Кездесуге қатысушылар қабылданып жатқан шараларға қолдау білдіріп, толық түсіністік танытты.