
Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында дауылды желдің салдарын жою жұмыстарының барысы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында қаралды.
Табиғи апат салдарын бағалау үшін арнайы комиссия құрылып, оның мамандары зардап шеккен аумақтарды үй-үйді аралап, тексеру актілерін жасады.
Тексеру қорытындысына сәйкес, ауданда барлығы 298 нысанның зақымданғаны анықталды. Оның ішінде 254 тұрғын үй бар. Сондай-ақ, 14 әлеуметтік нысан, 24 кәсіпкерлік субъектісі және алты әкімшілік ғимараттың зақымданғаны тіркелді.
Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов қазіргі уақытта келтірілген шығынның нақты көлемін анықтау жұмыстары жалғасып жатқанын сөз етті. «Актобе Аудит Строй» компаниясының мамандары техникалық тексеру жүргізіп, қорытынды әзірлеуде. Сараптама жұмыстарын 27 шілдеге дейін аяқтау жоспарланған.
Эвакуациялық пунктке уақытша орналастырылған отбасыларға қажетті жағдайлар жасалып, жатын орындар мен балаларға арналған ойын аймақтары ұйымдастырылды. Мектеп-интернат ғимаратында алты отбасы уақытша көшірілді.
Бұдан бөлек, ауылдағы барлық инженерлік инфрақұрылым қалпына келтірілді. Газ, су, байланыс және жарық жұмыс істеп тұр. Ал құлаған мұнараны байланыс операторының өкілдерімен бірлесіп, оны қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі Асхат Шахаров жауапты қызметтерге келтірілген шығынды бағалау жұмыстарын жеделдетіп, қалпына келтіру шараларын қарқынды жүргізуді тапсырды.
«Барлық қажетті шараны жедел қабылдап, зақымданған нысандар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру қажет. Дауыл салдарын жою белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Зардап шеккен тұрғындарға заңнамаға сәйкес толық көлемде көмек көрсетілуі қажет», – деді өңір басшысы.
Қалпына келтіру жұмыстарын жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау тапсырылды. Қажетті іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Жағдай - тұрақты бақылауда.