Ақтөбе облысында медицина кадрларын даярлауға арналған білім беру гранттары бекітілді

Ақтөбе облысында медицина кадрларын даярлауға арналған білім беру гранттары бекітілді

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен конкурстық комиссияның отырысында жергілікті бюджет қаражаты есебінен медицина кадрларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу мәселесі қаралды.

Білім беру тапсырысын қалыптастыру барысында конкурстық комиссия өңірдің білікті медицина мамандарына деген сұранысын ескере отырып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған өтінімді қарады. Нәтижесінде 2026–2027 оқу жылына жергілікті бюджет есебінен 50 білім беру гранты бөлінді. Оның ішінде 10 грант - бакалавриат, 40 грант - резидентура бағдарламаларына қарастырылған.

Бакалавриат бағдарламалары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы «Стоматология» білім беру бағдарламасына 5 орын және «Медициналық-профилактикалық іс» (қысқартылған оқу нысаны) білім беру бағдарламасына 5 орын көлемінде бекітілді.

Гранттардың басым бөлігі резидентураға бағытталды. Атап айтқанда, «Акушерия және гинекология (ересектер, балалар)», «Жұқпалы аурулар (ересектер, балалар)» және «Анестезиология және реаниматология (ересектер, балалар)» мамандықтарына 3 орыннан бөлінді. «Эндокринология (ересектер, балалар)», «Аллергология және иммунология (ересектер, балалар)» және «Кардиология (ересектер, балалар)» мамандықтарына 2 орыннан қарастырылды. Сонымен қатар жалпы хирургия, ересектер онкологиясы, офтальмология, радиология, балалар стоматологиясы, дерматовенерология, неонатология, педиатрия, гематология, пульмонология, травматология және ортопедия, физикалық медицина және оңалту, оториноларингология, психиатрия, фтизиатрия, клиникалық фармакология, неврология, нефрология, балалар онкологиясы және гематологиясы, ревматология, клиникалық зертханалық диагностика, балалар хирургиясы, терапия, шұғыл медицина, гастроэнтерология сияқты сұранысқа ие мамандықтардың әрқайсысына 1 орыннан бөлінді.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы өңірдің медицина кадрларына деген нақты қажеттілігі негізінде қалыптастырылды және денсаулық сақтау ұйымдарын білікті мамандармен қамтамасыз етуге бағытталған. Болашақ дәрігерлердің оқуы жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.