
2026–2027 оқу жылына жергілікті бюджет қаражаты есебінен 40 білім беру гранты бөлінбек.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен конкурстық комиссияның отырысы өтіп, өңірге қажетті жоғары білімді мамандарды даярлау бағыттары айқындалды.
Мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру барысында конкурстық комиссия мемлекеттік органдар мен облыстық басқармалардың өтінімдерін қарады. Нәтижесінде 2026–2027 оқу жылына жергілікті бюджет қаражаты есебінен 40 білім беру грантын бөлу туралы шешім қабылданды.
Дәлірек айтқанда, «Педагогикалық ғылымдар» бағытына – 26 орын бөлінді. Сонымен қатар «Өнер» бағытына – 6 грант, «Гуманитарлық ғылымдар» бағытына – 3 грант, «Қызметтер» бағытына – 4 грант және «Аспаптық орындаушылық» бағытына 1 грант қарастырылды.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы өңірдің білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау және дін істері салаларындағы мамандарға деген сұранысын ескере отырып, қалыптастырылды. Студенттердің оқуы жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.