Ақтөбе облысында мектептерді реновациялау жұмыстары жалғасуда

Ақтөбе облысында мектептерді реновациялау жұмыстары жалғасуда

 

Ақтөбе облысында білім беру ұйымдарын реновациялау жөніндегі ауқымды жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

2026 жылы өңірдегі сегіз мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Солардың бірі – Ақтөбе қаласындағы №37 орта мектеп.

Қазіргі таңда мектеп ғимаратының шатыры толықтай жаңартылды. Ғимарат қасбетін жаңарту жұмыстарының 70 пайызы аяқталды. Жоба аясында едендер, төбелер мен терезе блоктары толық ауыстырылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар электрмен жабдықтау жүйесі жаңартылып, электр сымдары толық ауыстырылады. Бұдан бөлек, мектеп аумағын абаттандыру, оның ішінде кіреберіс бөлігіне брусчатка төсеу жұмыстары да қарастырылған.

Күрделі жөндеу жұмыстары биылғы жылдың сәуір айының соңында басталды. Мердігер ұйымның мәліметінше, барлық құрылыс жұмыстарын аяқтап, нысанды пайдалануға беру 20 тамызға жоспарланып отыр.

Ақтөбе қаласындағы №37 орта мектеп 1993 жылы пайдалануға берілген. Биылғы оқу жылында мектептің негізгі білім беру деңгейін 536 оқушы аяқтады. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін білім беру ұйымы заманауи талаптарға сай қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасына айналады.

Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ақкенже Тындыбаеваның айтуынша, өңірде мектеп инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған реновация жобасы кезең-кезеңімен іске асырылуда.

«2027 жылға дейін Ақтөбе облысында 24 мектепті реновациялау жоспарланған. 2025 жылы 7 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары мен материалдық-техникалық базаны жаңарту толық аяқталды. 2026 жылы 8 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа 3,8 млрд теңге бөлінді. Жобаның басты мақсаты – оқушылар үшін заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру және өңірдегі мектеп инфрақұрылымын жаңғырту», – деді Ақкенже Тындыбаева.

Биыл күрделі жөндеу жұмыстары Ақтөбе қаласындағы №37, №22 және №17 орта мектептерде, Әйтеке би ауданындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектеп, Байғанин ауданындағы Қарауылкелді орта мектебі, Темір ауданындағы С.Бәйішев атындағы орта мектеп, Шалқар ауданындағы №8 орта мектеп және Мұғалжар ауданындағы Құмсай орта мектебінде жүргізілуде.