Кәсіпкер Жеңіс даңғылындағы скверді абаттандыруда

Кәсіпкер Жеңіс даңғылындағы скверді абаттандыруда

 

Облыс әкімі Асхат Шахаров қаланы дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – Жеңіс даңғылында орналасқан скверді қайта жаңғырту жұмыстарын бағамдады.

Аумақты «QalaTrans» ЖШС өз қаржысына абаттандырып жатыр.

Өңір басшысына жобаны іске асырудың қазіргі кезеңдері туралы баяндалды. Қазіргі уақытта аумақта абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жоспарланған жұмыстардың шамамен 40 пайызы орындалған.

«Біздің компания Ақтөбеде бес жылдан бері жұмыс істеп келеді және мүмкіндігінше қаланы абаттандыру жұмыстарына атсалысып келеді. Тұрғындар қалашығы ықшамауданындағы скверді толықтай өз қаражатымыз есебінен қайта жаңғырту жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Жобаның жалпы құны – 120 миллион теңге. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыс мерзімі сәл кейінге шегерілді. Дегенмен, реконструкцияны тамыз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді «QalaTrans» ЖШС директоры Ұлан Өксікбаев

Қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін сквер демалыс, серуендеу және мәдени іс-шаралар өткізуге арналған заманауи қоғамдық кеңістікке айналады. Жоба аясында жалпы аумағы 0,95 гектар жер кешенді түрде абаттандырылады.

Мұнда субұрқағы бар орталық алаң, амфитеатр, серуендеу аллеясы, балалар ойын алаңы және демалыс аймақтары салынады. Сонымен қатар аумақ көгалдандырылып, шағын сәулет нысандары, заманауи жарықтандыру жүйесі мен бейнебақылау камералары орнатылады.

Жобаны іске асыру барысында тұрғындардың қауіпсіздігі, жайлылығы және барлық жас санатындағы азаматтар үшін қолжетімділігіне көңіл бөлінеді. Сквер аумағына орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарықтандыру құрылғылары, ойын элементтері және өзге де инфрақұрылым нысандары қойылады.

Жаңартылған сквер Ақтөбе тұрғындары үшін тағы бір жайлы демалыс орнына айналып, қаладағы қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға өз үлесін қосады.

«Біздің ортақ міндетіміз – тұрғындар үшін қалада жайлы, қауіпсіз әрі қолжетімді демалыс орындарын көбейту. Мұндай жобалар бірлескен жұмыс пен серіктестеріміздің қолдауының арқасында жүзеге асып отыр. Қаланың дамуына қосқан үлесі үшін «QalaTrans» ЖШС-не алғыс білдіремін. Жұмыстар аяқталғаннан кейін бұл сквер Ақтөбе тұрғындары жиі келетін жайлы демалыс орнына айналатынына сенімдімін», – деді Асхат Шахаров.